Аманат Асан-жүрек жырым-жырым…
Кеше жұмысқа әдеттегіден ерте келдім. Өйткен себебім, Мұқағали ақынның жырын кабинетте отырып, дауыстап оқығым келді. Өлеңді дауыстап оқысаң, жан-дүниең рақаттанып қалады. Ақынның «Халыққа хат» өлеңін дауыстап оқып шықтым сөйтіп. Ерекше әсерге бөлендім. Сосын әнші Қуандық Рахымның репертуарындағы «Өлмейтіндер» әнін тыңдадым.
«Мұқағали арқалаған ауыр мұң,
Шәмші қайда шамшырағы жанымның.
Әуелеген ән таба алмай,
Мәтінінен мән таба алмай,
Сағындым ғой, мен сіздерді сағындым.
Назы қайда Есенқұлдай нарымның,
Сазы қайда Тұрсынғазы Табылдың.
Көргенімде жансыз жанды,
Атақ қуған арсыздарды,
Сағындым ғой, мен сіздерді сағындым» деген жолдары бар керемет ән. Ойланасың. Тебіренесің. Жүрегің аттай тулайды. Айтасың. Жазасың. Назданасың. Бірақ, пысқырып жатқан ешкім жоқ. «Ах, ұрасың!». Болмаған соң, осындай есті әннен, Мұқағали жырынан жұбаныш іздейсің. Бір сәтке болса да, көңілің орныңа түседі. Мұқағали сөзімен айтсақ, «Пай, пай, өмір, өтесің-ау бір күні» деген осы.
Қанша ақындарды оқып жүрміз, бірақ, дәл Мұқағалидай әр жазған өлеңі әнге айналған ақынды көрсем, көзім шықсын. Рас қой. «Құрсақтан талант болып туды» деген де сол. Мұқаң – хас таланттың нақ өзі. Әр өлеңі халық жадында. Оқушылар өлеңін көп жаттайтын ақынның бірегейі – Мұқағали. «Фаризаға» атты өлеңінде Мұқаң:
– Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Біріміз-бірімізден арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз – деп жырлайтын еді ғой. Жо-жоқ, Мұқаңды жұрт архивтен оқымайды. Ол жай ақын емес қой. Өзі жырлаған Махаңдардың сарқыты – Мұқағали ғой.
Кеше Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған «Мұқағали мәңгілік ғұмыр» атты әдеби сазды кешінен, аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған Басқар Битанов атындағы халықтық театр өнерпаздары қойған көріністен өз басым соны аңғардым. Көрініс керемет болды. Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары да қатысты әдеби сазды кешке. Оқушылар осындай тағылымды дүниелерді көру керек, біздіңше. Кейбір іс-шараларға барсаң, шуылдап, сөз тыңдалмай жатады ғой. Кеше ондай болған жоқ. Зал сілтідей тыныш. Сахнада Мұқағали образында – Ерасыл Аманбек. Әр өнерпаз өз биігінде. Образды сомдау ерекшеліктеріне тәнті болдық әр өнерпаздың. Ақынның өлеңдері оқылды. Қандай ғажап көрініс! Өз басым риза болдым.
Көріністен соң тек Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған есті әндер шырқалды. Айталық, А.Мұхамедалидың «Алыста» әнін Рысбек Қадырқұлов, Т.Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әнін Күлімкөз Пірімқұлова, Ғ.Сикеевтің «Айтатын саған сырым бұл» әнін Аружан Оразалы, «Шеше, сен бақыттысың» әнін Ерболат Құлышев және Н. Байгөзовтің «Үш бақытым» әнін Рысбек Қадырқұлов пен Нұрлан Әмірбетов дуэті жоғары деңгейде орындап, залға жиналған көрерменнің ыстық ықыласына кенелді.
Кеш батты. Әріптестермен бірге жұмыстан кеш қайтып барамыз. Өйткені, бейсенбі газет беттелетін күн. Газет жұмысының ауырлығын редакциядағы әріптестерден өзге кім біле қойсын. Менің есіме Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тынышбай Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әні түсті.
Құс та болғым келмейді қанатым бар,
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді-ай, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.
Сәби болғым келеді-ай, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған…
Білмеймін, осы әнді айғайлап айтқым келді…
Марат Жолдасбекұлы.