1,3 млн. теңге: қайтарымсыз грантқа өтініштер қабылданады
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау үстіміздегі жылдың 20 ақпанында басталады. Business.enbek.kz порталында жүзеге асатын бағдарламаның бірінші легінде республика бойынша 2 577 адамға гранттар беру жоспарлануда. Бұл туралы жақында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілетін бастапқы капитал. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Ол ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызу үшін беріледі.
Ниет танытқандар өтінім беру үшін алдымен порталда тіркелу қажет. Одан соң өзін грант алу шарттарына сәйкестігін тексеріп, бизнес-жоспар үлгісін жүктеу, толтыру және порталға енгізу жұмыстарын іске асыруы керек. Соңынан өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қоюы тиіс. Егер де интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, Сіз халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында немесе халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде өтінім бере аласыз.
Грантқа мүгедектігі бар жандар, өңіраралық қоныс аударушылар, «қандас» мәртебесі бар адамдар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар қол жеткізе алады. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы мерзімі 3 жылдан аспаған сертификаты болуы тиіс. Айта кетейік, гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға берілмейді.
Жәнібек СҰЛТАН.