Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Бокстан Тайландтың Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жерлесіміз Дана Дидай жүлделі III орынға ие болды. Көрер көз болса, оны біз газетке жаздық. Аудан әкімі Ернар Есіркепов те боксшы аруды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Ол да жазылды аудандық газетте. Сол кездесуден кейін әріптесіміз Марат Диханбай болашағы зор былғары қолғап шебері, №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Дана Дидайдан сұхбат алған болатын. Өткен аптада жарық көрген газетіміздің бірінде біз осы аптада сол сұхбатты жариялаймыз деп уәде еткен едік. Міне, сұхбат жазылды. «Бет көрсе – жүз ұялады» дегенді өзге емес, қазақ айтқан. Ертең ел арасына барамыз. Сонда «өстіп жазып едіңдер, сұхбат жарияланбай қалды ғой» дейтіндер табылады. Сондықтан жүзіміз жарық, маңдайымыз ашық болу үшін, айтқан уәдемізді екі етпей, газетіміздің бүгінгі нөмірінде әріптесіміз дайындаған көлемді сұхбатты жариялап отырмыз.
– Дана, сіз менен 12 жас кіші екенсіз. «Этика» деген сөз бар, білесіз. «Сіз» дейін бе, «Сен» деп сөйлей берейін бе?
– Марат ағауууу, сіз менен үлкенсіз. Өзіңізді жанашыр ағамдай көремін. Мен бір жарқыраған «жұлдыз» емеспін. Атағым да кереметтей аспандап кеткен жоқ. Кішіпейілділік менің өмірдегі басты қағидам. Сіз бен біз бұрыннан таныспыз. Сондықтан «Сен» деп сөйлей бергеніңізді қалаймын.
– Келістік онда. Жаңа екеуіміздің таныстығымызды айтып қалдың. Қателеспесем, 2018 жылы ғой деймін, мен аудандық газетке «Соққысы жойқын жас талант» деген тақырыппен мақала жазған едім. Сен ол кезде 15 жаста едің. Ақпан айының 13-і күні 20 жасқа толады екенсің. Сол кездегі Данадан қазіргі Дананың қандай айырмашылығы бар?
– Ешқандай да айырмашылық жоқ. Иә, толыстым, шеберлігім шыңдалды. Мен ол кезде жасөспірімдер арасында жарысқа қатысып жүрсем, қазір жастар категориясында бағымды сынап жүрмін. Нәтижесін өздеріңіз көріп, біліп жүрсіздер. 15 жаста жарысқа қатыссақ қуанушы едік қой. Шүкір, аламанның көбісін көрдік. Жастар арасындағы әлем чемпионатында да өнер көрсеттім. Бұйыртса, жастар категориясында ғана емес, әйелдер бәсекесінде де үздік болсам деймін. Сөйтіп, келер жылы Францияның астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында бағымды сынасам деймін. Алға қойған мақсатым – осы.
– Париж дегеннен шығады, сен жұдырықтасып жүрген 75 келі салмақ дәрежесінде бәсеке өте жоғары. Мәселен, осы салмақтың мықтысы деп есептелетін Валентина Хальзова бар дегендей…
– Марат аға былай ғой, сен өзгені мықты екен деп, сыртынан тамсанып жүре берсең, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың. «Арық айтып, семіз шық» дейді ғой. Мен өзімнің күш-жігерімді жақсы білемін. Иә, Валентина мықты боксшы. Бірақ, мен де осал емеспін. Әу баста боксқа біреудің мықтылығын мойындау үшін емес, өзімнің үздік спортшы екенімді дәлелдеу үшін келгенмін. Бапкерім солай баулыған.
– Айтпақшы, сен әуелі боксқа емес, дзюдоға барған екенсің ғой…
– Иә, ол да рас. Жастайымнан мінезді болдым. Өзіме тиіскен баланың мұрнын бұзатынмын. Үйдегілер «бұзықтығымды» көріп, спортқа берді. Спортты 10-11 жасымда бастадым. Дзюдо да жақсы спорт қой, бірақ маған аса бір ұнай қойған жоқ. Сосын әкем Бақытбек ағайға жолыққан көрінеді. Әкемнің есімі – Мұрат. Бақытбек ағаймен достықтары жарасқан азаматтар. Ағай «келсін» депті. Бақытбек Толымбетовтің есімін өзіңіз де жақсы білесіз. Ол кісі менің спорттағы алғашқы бапкерім. Бардым. Ұнады. Осылай спорттық карьерам басталды да кетті.
– Әдетте ата-аналар қыздарын жүгіруге, биге, көркем гимнастикаға қатыстырып жатушы еді ғой. Сенің ата-анаң таңдауың боксқа түскенде қарсылық білдірген жоқ па?
– Әкем қарсылық білдірген жоқ. Анамның көңілінде алаңдаушылық болғаны рас. Қайткенмен де әйел азаматша ғой. Қыз баланың жанын анадан артық түсінетін ешкім жоқ. Бірақ таңдауыма іштей тілеулес болып отырды. Осы орайда мен бір жағдайды айтсам бола ма екен…
– Әрине, тыңдауға әзірміз…
– Біз 4 ағайындымыз. Яғни 2 әпкем, мен және сыңарым бар.Үлкен әпкемнің есімі – Аяулым. Жансая екінші әпкем. Сыңарымның есімі – Дидар. Сыңар дегенді жұрттар басқаша түсініп қалмасын, Дидар екеуіміз ана құрсағынан егіз болып туғанбыз. Менің айтайын дегенім, алдыңғы 2 әпкемізбен Дидар екеуіміздің жас шамамызда біраз айырмашылық бар. Анам құрсақ көтере алмай жүрсе керек. Содан әкем мен анам көршілес жатқан Меркі ауданындағы Сыпатай батырдың мазарына барып, дұға жасап, құран бағыштаған көрінеді. Батырдың шапағаты тиді ме, Құдайдың да адал құлдарына жасаған сыйы шығар, артынша біз өмірге келген екенбіз. Әкем мен анам «Сендерді Сыпатай батырдың әруағы қолдап жүреді» деп ылғи айтып отыратын. Бұл бір ойдан туған мистикалық әңгіме емес. Болған жағдай. Мені бір ғана ой мазалайды. Осындай үлкен жетістіктерге жеткенімді әттең, анам көре алмай кетті.
– Данажан, менің де бұл жайдан хабарым бар. Тек, ретін тауып қоя алмай отыр едім. Өзің де шет жағасын айтып қалдың ғой. Марқұм анаңның әруағы бір аунап түскен болар. Сенің адами болмысыңа, сөйлеген әрбір сөзіңе қарап отырып, менде сұрақ туындап отыр. Анаңның портретін сипаттап берші?
– Анамның есімі – Райкүл. Каменка ауылында дүниеге келген. Ол кісі бізді әрқашан қолдайтын. Өтірікке жаны қас болатын. Жан дүниесі таза адам еді. Ешкімге өкпелемейтін. Яғни өкпешіл емес, бауырмашыл болатын. «Қандай қиындық болса да, ешқашан мойымаңдар. Қолыңда бар болып тұрса, ешқашан да дандайсыма. Кішіпейіл болыңдар. Көпке қадірің болсын десең, кеудеңді керме» дейтін. Амал қанша? 41 жасында мезгілсіз өмірден өтті. Өзіміз де абдырап қалдық. «Давление» деп жатамыз ғой. Кенеттен қан қысымы көтеріліп, дүние салды. Мен ол кезде 11 жаста едім. Бокстың қыр-сырын енді ғана үйрене бастаған кезім. Анамның өмірден өткені маған ауыр тиді. Сосын спортты кейінгі планға шегеруге тура келді. 3 жылдай спорттан қол үзіп қалдым. 14 жасымда қолыма былғары қолғапты қайта ұстадым. «Бармай-ақ қой, қайтесің сол спортты» деген сөздер де айтылды. Бірақ, түйсігімді тыңдадым. 6 айдан кейін нәтиже де көрсеттім. 2018 жылы Павлодар қаласында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 66 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, чемпион атандым. Өкінішке орай, осындай жетістікті анам көре алмай кетті. Өмірдің заңдылығы ғой бұл, Марат аға. Ешкім мәңгілік емес. Адам баласы соны түсінуі керек. Бірақ анамыздың орнын жоқтатпай, әкемнің әпкесі Мейізкүл апам бізді тұмсықтыға шоқыттырмай, тәрбиелеп өсірді. Мейізкүл апама әрдайым жанымнан табылып, қолдау көрсеткені үшін зор ризашылығымды білдіремін.
– «Шын мықтыға тұсау жоқ» деген. Данажан, сен одан кейін ел біріншілігінде 4 рет топ жардың. Солай ғой?
– Жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазымын. Бұдан бөлек көптеген халықаралық жарыстарда топ жардым. «Спорт шебері» деген атағым бар. 2021 жылы Польша елінде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль иелендім. Алтын болар ма еді, төрешілер бұра тартпағанда. Дегенмен, әділеттіліктің барына өз басым сенемін.
– Рас айтасың. Мен сол Польша елінде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатын теледидардан көрдім. Көпе-көрнеу төрешілердің белден басқаны анық көрініп тұрды. Әділетсіздік тек спортта ғана емес, барлық салада белең алып тұр ғой қазір. Тайландтағы Азия чемпионатында да төрешілер сенің аяғыңнан шалғандай көрінді. «Техникалық нокаут» тіркеп, боксты тоқтатып тастады. Бұндай сәттерде боксты тастап кеткің келмей ме? Өзіңді қалай қамшылайсың?
– «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» деп қазақ атам бекер айтпаған болар. Әділетсіздіктер көп болды спорттық мансабымда. 2021 жылғы әлем чемпионатында үндіс қызымен жұдырықтастым. Соққыны қаншама дарытсам да, төрешілер көбісін есепке алмады. Жақсы-ақ «бой» өткіздім. Іштей ойлап тұрғам, «менің қолымды көтереді» деп. Бірақ, қарсыластың қолын көтерді. Сөйтіп, күмісті қанағат тұттым. Әйтпесе, алып тұрған алтын медаль еді. Тайландта да жолымды жартылай финалда кесті. Ол сәтте тайландтық боксшымен кездестім. Қарсылас «слабый» дей алмаймын. Иә, Олимпиада ойындарына қатысқан. Бірақ, мен шаршы алаңға көтерілген кезде ондай нәрсені мүлдем ойламаймын. Яғни «қарсыластың атағынан қаймығу» деген атымен жоқ. «Бой» өтіп жатыр. Бәрі ойдағыдай болып жатқан. Бір мезетте есеп ашып, нокдаун тіркеді төреші. Қатты есеңгіреп қалған түгім жоқ. Бір емес, екі рет сөйтті. 1-ші раунд болатын бұл. 2-ші раундта тағы бір нокдаун тіркеліп, «бой» тоқтатылды. Ереже солай негізі. Бірақ, 2-ші раундта есеп ашатындай жөн жоқ еді.
– Сен қазір атақты бапкер Жанбек Кульниязовтың қол астында жаттығасың. Ол кісіге қалай жолығып жүрсің? Әлде «таныс па?..»
– Жанбек ағаймен ешқандай таныстығым болмаған біріншіден. Екіншіден, танысың болса да, талантың, мінезің болмаса ол кісі ешкімді жанына шәкірт ретінде тартпайды. Жаңа айтып өттім ғой, жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде топ жарып жүрдім. Бапкерлерді білесіз ғой, барлығын бақылап жүреді. Мені де сырттай бақылап жүрген екен. Мен 9-шы сыныптан кейін Тараз қаласындағы Парасат колледжіне оқуға түстім. Таразда да спортпен айналысып жүрдім. Жастар арасында ел біріншілігінде чемпион болдым. Сөйтіп жүргенде, Жанбек ағай өзі ұсыныс тастады. Бұл үлкен мүмкіндік екенін мен де түсіндім. Сөйтіп, Жанбек ағаймен жаттығуды бастап кеттік. Кейіннен Алматы қаласындағы РКС дейді жастар, республикалық спорт колледжі деп аталады негізі, осы оқу ордасына ауыстым. Қазір осы колледждің студентімін. Жанбек ағай екеуіміз алға көптеген мақсаттар қойып отырмыз. Мақсат – қайтсек те Олимпиада чемпионы болу.
– Ең әуелгіден бастасақ, әуесқой бокстағы спорттық карьераңда қанша кездесу өткізіп үлгердің. Жалпы есебі бар ма?
– Бар. Өзім іштей санап жүремін. 48 рет рингке шығыппын.
– Осы 48 кездесудің нешеуі жеңіс, нешеуі жеңіліс…
– 42-сінде жеңіс, 6-ауында ұтылдым.
– Сен секілді мықты боксшы қыздарды шетелдік промоутерлер жіті бақылап отыратыны заңдылық. Байығың келсе, ақшаның көкесі кәсіпқой бокста қазір. Неге бағыңды сол жақтан сынап көрмеске?
– Әзірге кәсіпқой боксқа ауысу ойда жоқ. Әуесқой бокста көздеген мақсатыма жетейін, қалғанын сосын көрерміз. Негізінен ММА деп жатамыз ғой, аралас жекпе-жектен ұсыныстар түскен. Бірақ бас тарттым. Өйткені, мақсатым – Олимпиада чемпионы болу.
– Жаттығу процесі қыздарда қалай? «Күніне 3 рет жаттығу жасаймыз» деп Әлішер Ерғали айтып еді. Сендер тәулігіне қанша сағат жаттығу жасайсыңдар?
– Тәулігіне 2 сағаттан 2 рет жаттығу жасаймыз. Соның өзі үлкен жетістікке жетелеп жатыр. Ең бастысы, жарақаттан аман болсақ болғаны.
– Сенің «коронный» соққыңды білгіміз келеді?
– Көбінесе оң қолмен джеб соққысын жасаймын. «Дананың оң қолынан сақтану» керек деп, қарсыластар да қаймығып жатады.
– Сыңарың Дидар спортпен шұғылдана ма?
– Өзі үшін жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанады әрине. Ер жігіт қой. Бірақ кәсіби түрде спортпен айналыспайды. Білімге, өнерге жақын. Кітапты көп оқиды. Маған әрқашан тілеулес.
– Сұхбат барысында байқағаным, әзірге тұрмысқа шығу ойыңда жоқ секілді…
– Әзірге жоқ. Оны жасырмаймын. Басты мақсат – Олимпиада ойындары.
– Данаға сөз салатын жігіттердің типажы қандай болу керек?
– Қарапайым, сабырлы, менің ішкі жан-дүниемді түсінетін азамат болса болғаны.
– Хоббиіңді айтып өтсең?
– Кітап көп оқимын. Әрдайым ізденісте жүремін. Дегенмен қолым қалт еткенде атқа мініп, серуендегенді жақсы көремін.
– Данажан, соңғы сұрақ болсын. Жақында өзің білім алған Абай атындағы орта мектеп ұжымы мен аудандық жастар ресурстық орталығы кездесу ұйымдастырған болатын. Жалпы, мақтау, қошеметке көзқарасың қалай?
– Мақтаншақтық бойымда жоқ қасиет. Шақырған жерден қалмаймын. Шақырмаған жерге бармаймын. Елеп-ескеріп, осындай кездесу ұйымдастырған Абай атындағы орта мектеп ұжымына, аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.
– Данажан, бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, редакцияға келіп сұхбат бергеніңе рахмет. Біз саған сенеміз. Биік белестерден көріне бер. Алла қаласа, мақсатыңа жет.
– Марат аға, сізге де рахмет. Биыл ауданымыздың құрылғанына 85 жыл толып отыр екен. Барша аудан тұрғындарын мерейлі датамен шын жүректен құттықтаймын.
Сұхбаттасқан
Марат Диханбай.