Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жалпы «Қазақ жерінде алғашқы музей қашан құрылды?» деген маңызды сұраққа мардымды жауап табу әсте мүмкін емес. Дейтұрғанмен, еліміздегі БАҚ өкілдерінің жазған мақалалары мен ғылыми еңбектерін парақтасаңыз, бұл сауалдың жауабын тапқандай боласыз. Сонымен, кейбір деректерде Қазақстандағы ең алғашқы мұражай Орынбор қаласында ХІХ ғасырдың 30 жылдарында құрылған деп жазады. Ал кейбір ашық мәліметтерде еліміздегі мұражай 1830-1831 жылдары құрылған деп айтылып жүр. Хош… Айтайын дегеніміз, бұл емес. Біз бүгін тарихи құндылықтардың сақтаушысына айналған, қасиетті де, қадірлі орда саналатын аудандық мұражайдың жұмысына, оның өткен күндеріне терең үңілетін боламыз.
Бүгінде жас болса да бас болып жүрген Эльдар Утембаев басқаратын аудандық мұражай 1983 жылы ауданның қадірлі қариясы Әміре Сұлтанбековтің ұйымдастыруымен қоғамдық негізде құрылған болатын. Әміре ақсақал сол сәтте бірнеше жүздеген жәдігерлерді жинап, құнды заттарды кейінгі ұрпаққа өнегелі мұра ретінде қалдырған. Сенесіз бе?! Бүгінде аталмыш мұражайдағы сақталған жәдігерлердің саны он мыңға жуықтаған. Экспонаттар санын толықтыруға өзіндік үлесін қосқан жандардың қатарында Нәрезім Даубаев, Мақаш Исбаев, Өсер Уәзиев, Любовь Левицкая, Мұқатай Секеев, Есназар Құрымбаев сынды жандар бар.
Аудандық мұражай 2010 жылдың қазан айына дейін аудандық мәдениет үйіне қарасты бөлім ретінде жұмыс істеді. Ал сол жылдың қазан айынан бастап Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Т.Рысқұлов аудандық бөлімі ретінде ел игілі үшін қызмет етіп келеді.
Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі осы жылдар аралығында «Сұлутөр» кинотеатрында, М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің ішінде орналасқан болатын. Тек 2015 жылдың 1 мамыр айынан бастап қана 1904 жылы қабырғасы қаланған, кейін жөндеуден өткен тарихи ғимаратқа көшіріліп, халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.
Бүгінгі таңда Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі археологиялық, этнографиялық және тарихи зал деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Тарихи бөлімде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің біртуар ұлы Тұрар Рысқұловқа арналған бұрыш, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орден-медальдары мен құжаттары, еңбек озаттары жайлы деректер, Ауған соғысының ардагерлері туралы тың мәліметтер топтастырылған. Ал этнографиялық залда ата-бабаларымыздың жаугершілік заманда қолданған қару-жарақ түрлері, музыкалық аспаптары, көшпелі өмір сүрген халқымыздың қолданған киіз үйі мен оның жабдықтары, қолданған тұрмыстық заттары және қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған. Мұражайдың ең қызықты әрі құнды бөлімдерінің бірі – археологиялық зал. Онда Құлан қалашығына және сол маңайдағы бекініс орындарына қазба жұмыстарын жүргізген сәтте табылған көне заттар, қыш-құмыралар, ыдыстар, еңбек құралдары, тас-мүсіндері қойылған. Сондай-ақ, ежелгі Құлан қалашығының үлкен сызбасы, Жібек жолы бойындағы ІІ-ХІ ғасырдағы Хан сарайының макеттері сәтті орналастырылған.
Мұражайда қазір меңгеруші Эльдар Есейұлын қоспағанда тағы екі қызметкер еңбек етеді. Оның бірі – Бауыржан Толыбаев (кіші ғылыми қызметкер) болса, екіншісі – Мейіржан Бошкаев (экскурсовод). Аты аталған азаматтар көненің көзін, ата-баба дәстүрін, құнды құжаттар мен жәдігерлердің сары майдай сақталуына бар күшін салып келеді.
Жәнібек СҰЛТАН.