Түрік ағайындарды тасада қалдырмаймыз
Дәл қазір төрткүл дүниенің бар назары Түркияға түсіп тұр. Бауырлас елде орын алған ауыр жағдай қай мемлекет халқының болмасын қабырғасын қайыстырғаны анық. Олардың қатарында Қазақстанда бар. 6 ақпанда орын алған жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елге жан-жақты көмек көрсетілетінін айтып, 1 млн. доллар көлемінде қаражат бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, зілзаладан зардап шеккен елге табиғи апат келтірген залалды жою үшін қазақстандық төтенше жағдай қызметкерлерін жіберуге пәрмен берді. Бүгінде бұл бастамалар аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бір емес, екі лекпен құтқарушылар діттеген жерге жетті. Қазір олар үйінділер астында қалған халықты құтқаруға барынша атсалысуда.
Жаны жомарт қазақтың қайырымды істері мұнымен тоқтап қалған жоқ. Керісінше үдей түсті. Әріптесіміз, елге белгілі журналист Нұрбек Бекбау күллі қазақ еліне үндеу тастап, «Бауырлас елге 100 киіз үй» жобасын қолға алды. Бір-екі күннің ішінде жомарт жандар 20 млн.ға жуық қаражат жинап, оған кәсіпкерлер де қосылып, бас-аяғы 100-ден астам қазақ үй түрік ағайындарға жеткізілді. Айта кетейік, бүгінде бұл үйлердің алғашқылары құрылып та үлгерді.
Жоғарыдағы қайырымды жандардың қатарына құландықтар да қосылды. Аудандық орталық мешіттің бастамасымен арнайы топ құрылып, Алла үйінің алдына үлкен жүк көлігі қойылды. Жұма күні басталған бастама сенбі күні де жалғасып, бірнеше көлікке қажетті заттар мен азық-түліктер тиелді. Шынын айту керек, сол күндері «көмек көрсетемін» деген қарапайым халықтың қарасы көп болды.
Біз белсенділердің бірімен тілдесіп те көрдік. Жасұлан Іңкәрбеков есімді азамат Каменка ауылында үлкен жұмыс атқарылғанын жеткізді.
– Біз мұнда Каменка ауылынан келіп отырмыз. Ауыл халқынан 300 мыңға жуық қаржы жиналып, оған қажетті азық-түліктерді алдық. Олардың қатарында ұн, картоп, күріш сынды тағам түрлері бар. Одан бөлек ауыл тұрғындары киім-кешек түрінде де көмек көрсетіп отыр, – деп белсенді жас атқарылып жатқан істерді тізбектеп берді.
Ал «Жиылған көмек Түркияға қалай жеткізіледі?» деген сұрағымызға бас ұйымдастырушылардың бірі Жандәулет Қойшыбаев жауап берді.
– Біз қазір жиылған жәрдемді Меркі ауданына жібереміз. Онда бірнеше үлкен жүк көліктері дайын тұр. Сосын олар Алматыдағы әуежайға жеткізіліп, ұшақ арқылы Түркия еліне аттанатын болады. Көмек қоры ішінде жолға шыдамды азық-түліктер, көрпелер, киім-кешектер бар. Ондағы бауырларымыздың айтуынша, дәл қазір оларға жылытқыштар, жарық түсіретін құрылғылар қажет екен, – деп аудан тұрғындарын белсенді болуға шақырды.
Расыменде дәл қазір ол жаққа тағамнан гөрі көрпелер және шатырлар қажет екен. Түркияның Қазақстандағы елшілігі жуырда қазақстандықтарға үндеу жариялап, зілзала орын алған аймақтарға генераторлар мен жылытқыштар және ұйықтайтын арнайы сөмкелер керектігін айтты.
Жәнібек СҰЛТАН.