Қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады. Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру- құтқару жұмыстары туралы баяндады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін Түркияға аттанған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
AKORDA.KZ