ЕМ ІЗДЕСЕҢІЗ, «NUGA BEST»-КЕ КЕЛІҢІЗ!
Құлан ауылына оңтүстік кореялық «NUGA MEDICAL CO LTD» компаниясының «NUGA BEST» сауда маркасымен ашқан емдеу орны негізінен адамның денсаулығын қалпына келтірумен және өзі өндірген қондырғыларды сатуға мамандандырылған. Бұл қондырғылар қазір әлемнің 110 мемлекетіне танылып, кеңінен қолданылып жүр. Компанияның президенті Чо Сынг Хен мырзаның «медициналық қондырғыларды жасаушы-конструктор» деген білімі бар. Сондықтан болар, ол осы «NUGA BEST» уқалап емдеу қондырғысын ойлап тапқан.
Компанияның Құланға келіп, халыққа ем-дом жасай бастағанына міне, бір жылға жуықтапты. Бір таңқаларлығы – ем жүргізу – тегін. Қызметші-кеңесші қыздар күніне 120-ға жуық келушіні қабылдай алады. Өткен жылдың мамыр айынан бері ауданымыздың көптеген тұрғыны компанияның емдеу қызметін пайдалана алды. Біз осында келіп бел омыртқасын, тізесін, жалпы суық тиген жерлерін, тіпті қан қысымына байланысты емдеп-уқалау (арнайы қондырғының көмегімен) қызметін алған адамдармен пікір алыстық. Мәселен, Құлан ауылының тұрғыны Бақыткүл Иманбекова компанияның қызметін сегіз айдан бері пайдаланып келеді екен. Ол:
– Менің қан қысымым жоғары болатын. Осы орынға келіп уқалап емдейтін төсекті, аяқ уқалағышты пайдаланғалы бері сырқатымнан айығып, қазір өзімді жақсы сезініп қалдым, – дейді.
Әсия Ақторпақова да сегіз айдан бері бел омыртқасына ем қабылдап жүр екен. Мәрия Икрашева мен Хамит Демесінов те фирманың қызметіне көңілдері толатынын айтады. Келушілерді жылы қабылдап, оларға осы тақырып төңірегінде лекция оқып, тіпті бос уақыттарын ойдағыдай өткізу үшін ем алушыларға ән де айтып беріп, көбіне консультациялық көмек көрсетіп жүрген компания консультанттары Кристина Дмитриевна Мавроди мен Залина Якуповна Шариповаларға олар дән риза екендерін шын ықыласымен айтты.
– Айту ләзім, біздегі қондырғылар адамның сырқатын жан-жақты емдеуге, олардың науқасының алдын алуға айтарлықтай көмек көрсетеді. Біз күн сайын аяғынан жүре алмай, бел омыртқасына, тізесінің ауыратынына шағым айтатын орта, егде жастағы кісілерді жиі көреміз. Енді не үшін біздің көрсететін қызметіміз тегін дегенге келсек, кейбір ақшалы азаматтар осы қондырғыларды өздері сатып алуға да ниет білдіреді. Біз оларға қандай аппарат дәл келетініне кеңес бере аламыз. Тағы бір айтайын дегенім, бізге үзбей келетіндерге біз кристал минералдар сыйлаймыз. Мәселен, Б.Иманбекова осы күнге дейін 52 кристалдың иесі атанды. Оның пайдасы сол әлгі кристалды ауыратын жеріңізге қойсаңыз болды сырқатыңыздан тез жазылып кетесіз. Бізге келушілер бес күн тегін, тек сенбі күні ғана мың теңге төлеп ем қабылдай алады. Шынымды айтсам, бұл ем-дом сабырлылықты қажет етеді. Сондықтан келем деушілерге есігіміз ашық. Біздің мекенжайымыз: Құлан ауылындағы Жібек жолы көшесінде, дәлірек айтқанда, аудандық полиция бөліміне қарама-қарсы жақтағы «Сымбат» сән салонының жанында, – дейді К. Мавроди.
С.Қожеке.
Суреттерде: «NUGA MEDICAL CO LTD» компаниясының ем жүргізуші кеңесшілері Кристина Дмитриевна Мавроди мен Залина Якуповна Шарипова жұмыс үстінде.