Толған ел – тарихын таспен жазады
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 34 жыл толады. Кеше осы айтулы датаға орай Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде «Ауғанның асуында от кешкендер» атты іс-шара өтті. Ұйымдастырушы тарап, яғни Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері бұл жолғы іс-шараны өзгеше форматта өткізгенді жөн көрген екен. Негізінен, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер тек мектептердің акт залында өткізілуші еді ғой. Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Қанат Керімбаев бастаған ұжым қызметкерлері осы жылы аймақтық деңгейде ұйымдастырғанды құп көрген екен. Бұл өте дұрыс. Мектеп оқушылары Ауған жерінде батырлықтың үлгісін көрсеткен аға буын өкілдерінің ерліктерін біліп қана қоймай, олардың әрбір сөйлеген сөзінен патриоттық өнеге алуы тиіс.
Аймақтық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ, Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің мұғалімдері мен оқушылары атсалысты. Залға жиналған көпшілік Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерді үнсіздікпен бір минут еске алды. Іс-шара шымылдығын Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Оразалы Танкеев сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде ерлік ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек етті. Содан соң сөз сөйлеген Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов өзінің ізгі лебізін айта келіп, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткізілген әрбір келелі кездесулер оқушыларды отаншыл болуға тәрбиелейтінін айтты.
Іс-шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің оқушысы Шарапат Болысбек «Отан Ана», аудандық мәдениет үйінің әншілері Айша Жүнісова мен Ерболат Құлышев «Қазақстан» және «Белый пух» әндерін орындады. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары сомдаған «Ауғанстан жүрегімнің жан жарасы», Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің оқушылары сомдаған «Алаулаған жас жалын» атты сахналық көріністер іс-шараның мәнін аша түскендей болды. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің «Томирис» би үйірмесінің арулары «Сарбаздар» және «Ақсақ киік» биін билеп, ардагер ағаларының ыстық ықыласына бөленді. Ілкімді іс-шарада Ауған соғысының ардагерлері де сөз сөйлеп, бір топ оқушыларға тіркеу билетін (приписной билет) табыс етті. Шара соңы Ержан Қонысбековтің орындауындағы «Қазақстан» әнімен қорытындыланды. Іс-шараға қатысқан Ауған соғысының ардагерлеріне ауылдық әкімшілік тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара аяқталған соң Ауған соғысының ардагерлері мен келген қонақтар Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің ішінен ашылған караоке залына арнайы бас сұғып, патриоттық тұрғыда жазылған есті әндерді шырқады.
Марат Диханбай.