2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер қандай?

240 Views

Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­ды­ру қоры (Қор) жұмыс істейтін азамат­тарды әлеуметтік қорғаудың қо­сым­ша деңгейін жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ, дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар­дың өздері үшін ең төменгі бір жала­қыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік ауда­рымдары есебінен қалыптасады.
2023 жылдан бастап ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін артатынын ескере отырып, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2 450 теңгені (3,5% * 70 000 теңге), ал ең жоғары мөлшері – 17 150 теңгені (3,5% * 7 * 70 000 теңге) құрайтын болады.
Әлеуметтік аударымдардың уақ­ты­лы түсуі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айы­рылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ, бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдердің 2 түрінің параметрлері өзгертілетін болады.
Бірінші, жұмысынан айырылуы жағ­дайына әлеуметтік төлем, ол жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тір­келген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының соңғы 2 жыл­дағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады.
Келесі жылдан бастап кірісті ауыстыру коэффициенті 45 %-ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13 %-ға өсуіне әкеледі.
Айта кету керек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға нақты төлем алу­шыларға 45% коэффициенті қол­даныла отырып, біржолғы қайта есеп­теу автоматты түрде жүргізілетін бола­ды. Жамбыл облысы бойынша 1 622 алушыға төлем мөлшері ұлғайтылды.
Екінші, бала күтімі бойынша әлеу­меттік төлем, бүгінде бала 1 жасқа тол­ғанға дейін тағайындалатын болса, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем ұзақ­тығы 1,5 жасқа дейін ұзартылады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүр­гізілген орташа айлық кірістің 40%-ды құрайды.
2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалары 2022 жылы туған нақты алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылатын бола­ды. Жамбыл облысы бойынша 19 234 алушыға төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.
Сонымен қатар, атап өтетін жағдай жұмыскер үшін әлеуметтік аударым­­дар түскен жағдайда базалық мемле­­кет­тік жәрдемақыларға қосымша Қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді.
Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік тө­лем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді.
Қордан асыраушысынан айы­ры­луы жағдайына әлеуметтік төлем асы­рауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндіз оқы­ған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді.
Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері авто­матты түрде 8,5 %-ға өсетін болады.
Жамбыл облысы бойынша 4 009 мың алушыға еңбекке қабілеттілігі­нен айырылған жағдайға және 2 580 мың асыраушысынан айырылған жанұя­ға төлемдер мөлшері ұлғайтылды.
Осылайша, жұмыс істейтін аза­мат­тар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады.
Сонымен қатар, төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту авто­маттандырылған режимде жүргі­зіле­тінін, яғни алушыларға қосым­ша құ­жаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты Қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ, Қор мен филиал­дардың әлеуметтік желідегі аккаунт­тарынан алуға болады.

Н.С.Искаков,
Жамбыл облысы бойынша
«МӘСҚ» АҚ филиал
директоры.

Поделиться ссылкой: