Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
15 ақпан күні – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толды. Осыған орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Ауған жерінде қаза тапқан, Отанға оралмай қалған жауынгерлерді бір сәт еске алып, олардың ерлігіне тағзым ету мақсатында салтанатты митинг ұйымдастырды. Салтанатты митингке бір топ Ауған соғысының ардагерлері мен аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларының қызметкерлері қатысып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің маңында орналасқан Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Салтанатты митингте сөз сөйлеген аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбай Кокушев және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Омар Нұрмашев ерлік, батырлық туралы рухты сөздер айтып, елде тек татулық пен тыныштық болғанда ғана ырыс-несібеміз артатынын тілге тиек етті.
Бұдан соң іс-шара Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Нақтырақ айтқанда, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Оны ұйымдастырғандар аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері. «Рухани жаңғыру» офисінде «Ауған соғысы – тарих қойнауының бір парасы» деген тақырыпта өткен кездесу кешінің атмосферасы өзгеше болды. Кездесу кешін аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері Мөлдір Керімбаева мен Айгерім Баймұратова жүргізді.
Шара шымылдығын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұратбек Нәметқұлов сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң аудандық мәдениет үйінің әншісі Тыңжан Сайырманов «Ағаларым» әнін шырқады.
«Ауғаннан аман-есен оралғандар,
Әскери борышымен барған жандар.
Ел үшін өзге елде жанын қиып,
Оралмай Отанына қалған жандар».
Міне, әнші Тыңжан салған әннің қайырмасы осындай.
Ресми деректерге сүйенсек, Ауған соғысына 22 269 сарбаз қатысып, 924 жауынгер майдан даласында қаза тапқан. 21 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. Бұл деректердің барлығы осы кездесуде айтылды. Шараға қатысқан №1 лицей-мектебі мен Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары көп жайтқа қанықты деп ойлаймыз. Өйткені бұл жерде ырду-дырду, гөй-гөйдің айналасындағы жайдақ сөздер емес, көкейге ой салар сүбелі сөздер айтылды. Сөз ұғар есті жан табылса, санаға ой түйіп қайтқаны анық.
Кездесуде аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Тұрар Рысқұлов, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 10 сынып оқушылары Мерей Тәжібайқызы мен Алина Орысбай ұйқасы жұмыр қара өлеңдер оқыды. Ал аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерболат Құлышев «Офицеры» әнін жанды дауыста шырқаған сәтте іс-шараға қатысқан Ауған соғысының ардагерлері ой үстінде отырды. Бәлкім, ұрыс даласындағы оқиғалар еске түскен болар. Олар бәрін өз көздерімен көрді ғой. Бұндай жағдайды өскелең ұрпағымыз көрмесін ең бастысы. Ардагерлердің бар тілегі де осы.
Кейіннен оқушылар Ауған соғысының ардагерлеріне сұрақтар қойды. Аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбай Кокушев пен ардагерлер Самат Мақұлбаев, Ербұлан Атабаев оқушылар қойған сауалдарға тебіреніспен үн қатты. Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы Бекзат Орысбай «Алға, Қазақстан» әнін шырқап, ардагер ағаларының ықыласына кенелді. Содан кейін Ауған соғысының ардагерлері №1 лицей-мектебі мен Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушыларына әскери есепке алу куәлігін табыстады. Шара соңы аудандық кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы «Ән сал, сарбаз» әнімен қорытындыланды.
Марат Диханбай.