Идеядан бастап нәтижеге дейін… Ауыл әкімдері ұсынған жобалар өз жемісін бере ме?

403 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен үлкен жиын өтті. Оған аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Келелі кездесуде ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы талқыланып, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалды. Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында ауданда үш бағыт бойынша 94,3 млрд. теңгеге 244 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Оның ішінде жеке инвестиция бағытында 170 жоба болса, бюджеттік инвестиция бағытында 74 жоба қолға алынбақ. Жоспарлы жұмыстардың болжамды нәтижесі де көңіл қуантады. Егер де аталмыш бағыттағы жұмыстар шын мәнінде нәтижелі жүзеге асатын болса, жаңадан 2137 жұмыс орындары ашылмақ. Бұл баянды бастама 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайыздан 3,2 пайызға дейін төмендететін болады. Сонымен қатар, жеке инвестиция тарту бойынша ауыл шаруашылығы бағытында құны 7,9 млрд. теңгені құрайтын 92 жоба іске аспақ. Ал ағымдағы жылы құны 1,8 млрд. тең­гені құрайтын 31 жоба жоспарланып отыр. Бұл 157 жаңа жұмыс орнын ашуға өз септігін тигізбек. Аталмыш мәліметтерді жиын барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов мәлім етті. Сондай-ақ, аудан басшысы өңірде қолға алынған ірі жобаларға да толығырақ тоқталып өтті.
– Құрметті әріптестер, жұмыс орындары санының артуына өзіндік үлесін қосып жүрген қожалықтарға жеке-жеке тоқталуға рұқсат етіңіздер. Олардың қатарында Абай ауылдық округіне қарайтын «Керең» шаруа қожалығы да бар. Аталмыш шаруа қожалық бүгінде құны 110 млн. теңгені құрайтын жобаны іске асыруда. Нәтижесінде 15 жұмыс орны ашылған. Қожалық ауыл шаруашылығы саласындағы сүт бағытын дамытуға ден қойып, қазірдің өзінде 250 бас ірі қара ұстап отыр. Алдағы уақытта біз облыс әкімінің тапсырмасын орындау үшін тағы да 25 млн. теңге төңірегінде қаржылай қолдау көрсетіп, қожалықтың кәсібін кеңейтуге көмектесетін боламыз. Сонымен қатар, ауданда жүзеге асатын ірі жобалар тізіміне «Хамза» және «Ермағанбет» сынды шаруа қожалықтарын да қосуға болады, – деп балық шаруашылығын дамыту, қант қызылша алқабын ұлғайту, құрама жем дайындау және де білім, денсаулық, құрылыс, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, мәдениет пен спорт бағытында жүзеге асырылған, болашаққа жоспарланған жобаларды тізбектеп берді. Оябы бөлек баяндаманы тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жалпы атқарылған жұмыстарды, жеткен жетістіктерді жоғары бағалады.
– Жалпы өзгелермен салыстыр­ған­да аудан көрсеткіштері жақсы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Дала еңбеккерлерін барынша қолдап, шаруалар мемлекет­тік бағдарламалардың шапағатын сезінуі тиіс. Ол үшін сіздер мен біздер бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деп ауыл шаруашылығы бағытында жүзеге асатын жобаларды талқылау үшін Көкдөнен, Көгершін, Қайыңды, Құлан, Луговой ауылдық округтерінің әкімдерімен жеке-жеке тілдесті. Тілдесу барысында облыс әкімінің орынбасары жобаларды қаржыландыру, өнімді өткеру, жалпы оны құру кезінде жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді атап өтті.
– Бір бастаманы жобалау кезінде көп нәрсеге мән бергеніміз жөн. Ол жобалар жарты жолда тоқтап қалмауы керек. Керісінше, өміршең болғаны абзал. Содан соң жоба қаражаттары жеткілікті деңгейде бөлініп, бұрын құрылған кәсіпті кеңейтуге емес, барынша жаңа дүниелерді іске асыруға бағытталғаны дұрыс. Мәселен, бір ауылда бірнеше мал бордақылау алаңдары бар делік. Біз осы тұрғыда «Өндіруші тарап өз өнімін қайда саудалайды?», «Оны тұтынушыға қалай жеткізеді?» деген сауалдарға жауап іздеп, ұдайы бақылауда ұстауымыз қажет. Өнім өндіруші мен тұтынушы тарапты тиімді байланыстыратын ортақ тетікті тауып, тіпті жеткізу жолдарына дейін қарастыру керекпіз. Бұл – сауданы делдалсыз жүргізуге, қымбатшылыққа жол бермеуге сеп болмақ. Сондай-ақ, әр ауылда бір ғана жоба болуы бізге сын. Кемінде жыл сайын әр ауылдан 5-6 жоба шыққаны дұрыс. Тұрғындар тарапынан туындаған идеяны қолдау және оны іске асыру – біздің ортақ міндетіміз, – деп әр ауылды мейлінше бір бағытта дамыту, 50 млн. теңгеге дейінгі шағын жобаларды қолдау, жастарға 2,5 пайызбен берілетін несиелерді басты назарда ұстау керектігін алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде қойма жасақтау, құс және балық шаруашылығын дамыту, белсенді жастарды кәсіпке тарту маңызды қадамдардың бірі екендігін қадап айтты.
Шыны керек, Қанатбек Қайшыбекұлы атаған бұл бағыттар бойынша ауданда жоспарға қойыл­ған ілкімді істер өте көп. Олардың бір­қатарын Ернар Серікәліұлы өзі­нің қорытынды сөзінде атап өтті.
– Біздің аудан агросаласы мықтап дамыған өңір. Осыған сәйкес біз бір жақты ғана дамымай, өнім түрлерін көбейту, кәсіпкерлік нысандарының санын ұлғайтуға баса назар аударып отырмыз. Ол үшін «NEET» санатындағы жастарды қайта даярлап, кәсіп ашуға бағыттаймыз. Тіпті, алдағы уақытта жастарға аудан әкімінің арнайы грантын ұсынатын боламыз. «Үздік» деп танылған жастар онға жуық кәсіпкерлік түрі топтасқан «Колос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қайта іске қосатын болады. Бұл бастама бір жағынан тоқтап, тірлігі тұралап тұрған кәсіпке қайта жан бітірсе, екінші жағынан жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектеседі, – деп жиынды қорытындылады.
Иә, 2025 жылға дейін жоспарланған жобалар өте көп әрі ауқымды. Бастысы олар жұмыссыздықты жоюға, тұрғындар табысын арттыруға себепкер болмақ. «Кәсібімді бастаймын», «Ауыл әлеуетін арттырамын» деп, осы күнге дейін жергілікті әкімдік есігін қағып, жеке жобасын ұсынып қойған жандарға сәттілік тілейміз. Ал егер ұсынбасаңыз, әлі де кеш емес. Барыңыз, қажетті құжаттарды тапсырыңыз. Тек ниетіңіз болса болғаны. Ең бастысы – санаңызда туындаған идеядан бастап, нәтижеге дейінгі жол оңай болғай…

Жәнібек Базылбек.

 

Поделиться ссылкой: