Әлеуметтің әлеуеті артсын десек… Шаруаларды мемлекеттік бағдарламалармен қолдау қажет

376 Views

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ауданға арнайы жасаған сапарында жергілікті шаруалармен де кездесті. Кездесудің басты мақсаты – агросала мамандарының өтініштеріне құлақ түру және қолдау тетігі саналатын мемлекеттік бағдарламаларды таныстыру. 

Қазір агросаланы алшаң бастыру үшін қаржылай қолдау тетіктері өте көп. Бірақ, осы орайда «Қолдау шаралары шаруаларға қолайлы ма?», «Қажетті қаржыға жету үшін қандай кедергілер бар?», «Агросала аясындағы ақпарат ауылдағы ағайынға жетіп жатыр ма?» деген заңды сауалдар санада туындайды да тұрады. Осы мәселелердің түбіне терең үңілу үшін облыс әкімінің орынбасарымен бірге ауданға аталмыш басқарманың мамандары және қаржылай қолдау ұйымдарының өкілдері де келді. Олар шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын баяндап, жеңілдіктерге жетудің оңай жолын көрсетті.
Сонымен қатар жиынға аз ғана уақыт бұрын құрылып, көрсеткіштері көзге көріне бастаған аймаққа белгілі кәсіпорындардың өкілдері де қатысты. Олар аудан еңбеккерлерін біріге қызмет етуге шақырып, өз саласы бойынша толық ақпараттармен бөлісті. Кәсіпкерлер құс шаруашылығы, гидропоника, биогумус, құлпынай өсіру сынды сыры мен қыры көп салалар туралы ой бөлісті.  Шара барысында облыс әкімінің орынбасары да кездесуге келген себебін айтып, шаруаларды қолдау мемлекет ұстанған басты бағыттардың бірі екенін жеткізді.
– Әлеуметтің әлеуеті артсын десек, шаруаларды мемлекеттік бағдарламалар­мен қолдауымыз керек. Сол үшін де бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осында келіп отырмыз. Егер де өздеріңізді толғандырған маңызды мәселелер бар болса, мамандарға сауал жолдай отырып, жауап алуларыңызға болады, – деп кезекті шаруаларға ұсынды. Дала еңбеккерлері де тосырқаған жоқ. Керісінше өздерін емін-еркін ұстап, күнделікті күйбең тіршілікте кездесіп жүрген түйткілді мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында техникаға қол жеткізу, жайылымдық жерлердің жетіспеуі, қаржылай қолдауға қол жеткізу үшін қағазбастылықтың тым көптігі және өріс аумақтарына, жайылымдық жерлерге су құбырын қаздыру сынды мәнді мәселелер көтерілді.
Шаруаларды мұқият тыңдаған Қанатбек Қайшыбекұлы ұтымды ұсыныстар мен өзекті өтініштер назарға алынатынын, ол бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіле­тінін жеткізді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: