Тоғыз жолдың торабында тұрған ауыл

402 Views

Тау тұлғаның ізі қалған бұл жерде,   Луговойдың тарихы тым тереңде

Көнекөздердің айтуынша, қазіргі Луговой ауылы бұрын Тарты деп аталған көрінеді. Ілгері заманда бір бай екінші байдың жылқысын барымталап әкетіп отырады екен. Барымташының кім екенін біліп қойып, ашкөздікке бой алдырған екінші біреуі: «Маған бұйырмаса, саған да бұйырмасын» деп, киелі Құлан қаласының маңындағы сазды, ми батпаққа бір үйір жылқыны айдап әкеліп, иірген екен. Осылайша сазды жер бір табын малды өзіне тартып әкетіп, содан осы аймақты ел Тарты деп атап кетіпті. Бертін келе қазақ жеріне қоныстана бастаған орыстар көк шалғынды көріп, тамсанып: «Ой, какие луга!» – деп таңданыс білдіріпті. Содан бастап бұл қоныс Луговая деген жаңа атауға ие болады.

Жайқалған жасыл желекке оранған бұл ауылдың тарихы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімімен де тығыз байланысты. Өйткені Түркістан – Сібір теміржолы осы жерден бастау алады. 1926 жылдың 25 қарашасында Орталық комитет Жетісу теміржол құрылысын салуды қолға алды. Ал сол жылдың 3 желтоқсанында РСФСР Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан – Сібір теміржолын жасақтау туралы қаулы қабылдайды. Осы күн біздің мемлекетіміз үшін экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі қабылданған тарихи шешім ретінде есте қалды.
Түркістан–Сібір теміржолының құрылысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі – Семей қаласынан 1927 жылдың 15 шілдесінде басталса, екінші бағыты Луговой стансасынан бастау алған болатын. 1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселді. 1927 жылдың 21 қарашасында болат жолдың бойындағы құрылыстың басталуына байланысты көп адам қатысқан үлкен митингі болған. Оны Т.Рысқұлов ашып, Қазақстан мен Орта Азиядан келген делегаттар пікірлерін айтқан.
Одан кейін төселген рельс бойымен №6394 паровоз болат жол бойына жіберіледі. Бұл халықтың еңбекке деген ықыласын оятты, ел ауыр жұмысқа баруға тілек білдіре бастады. Жұрттың алды болып тізімге Мұстафа Қайыпұлы, Ырысты Шорманов, Қоңқаш Киялбеков, Дүйсенбай Тоқтыбаев, Сары Ахметов, Қасымбай Нұрақаев, Әлімқұл Итбаев, Базылбек Байқазақов және басқа да жүздеген азаматтар жазылды. Аға шебер Әбдіманап Исаев тізімге жазылған азаматтарға аздаған киім-кешек, құрал-саймандар беріп, техника қауіпсіздігін сақтау жөнінде ақыл-кеңесін айтып, журналға тіркеуге алған. Кей күндері 5-6 шақырым жерге дейін рельс төселіп жатты. Құрылысқа өгіз, ат, түйе жеккен арбалармен қоса мыңдаған адамдар жаңадан келіп қосылып тұрды. Жақсы ұйымдасқан тірліктің және жұмысшылардың ерік-жігерінің нәтижесінде жыл аяғына дейін 190 шақырым жерге рельс төселіп бітті. Осындай жұмыстың қарқынды жүргізілуі нәтижесінде рельс төсеу рәсімі мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, 1930 жылы Айнабұлақ стансасында түйіседі.
Құрылыс аяқталысымен станса арқылы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы жүктерін артқан эшелондар жүре бастайды. Теміржол құрылысымен қатар тұрғындар үй салып, қоныстана бастаған. Алғашқы кезде барақ типтес үйлер салынды. Кейіннен кәдімгідей жеке үйлер бой көтере бастаған соң мектеп, балабақша, байланыс бөлімшелері, клуб салынады. Солармен қатар паровоз және вагон деполары, отын қоймасы, тауарлы қойма мекемелері салынып, жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Луговой стансасындағы бірінші паровоз машинисі Ырыстиев болды. Осы құрылысқа қатысқан А.Паповтың «Гудок» газетіне берген мақаласында ол осы бір тарихи сәтті былайша еске алып: «Осы ғасыр құрылысына мен де қатыстым. Сол кезде Луговой стансасының оңтүстік шекарасына жақындау жерде кішілеу он шақты үй бар еді. Ол үйлер жергілікті құрылыс материалынан, яғни балшықтан тұрғызылып, едені жоқ, төбесі қамыспен жабылды. Құрылысқа сырттан қабылданған жұмысшылар, құрылыс басшылары осы үйге орналастырылды. Түнде осы үйлерді жатын орнына пайдаланып, күндіз контор ретінде қолдандық. Үйдің едені болмағандықтан, астымызға қамыс төсеп жаттық. Жұмыс өте ауыр болды. Техника жетіспегендіктен, барлық жұмыс қол күшімен жүргізілді. Жұмыс қаншалықты ауыр болғанымен, жұмыстан ешкім қашпады. Қайта осы қиындықтарды олар топтасып жүріп жеңе білді. Мен осы қазақ халқының төзімділігіне, шыдамдылығына таңғалдым», – депті.
1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс кезінде ауылдың ер азаматтарының көбісі соғысқа аттанды. Ерлермен қоса орта дәрігерлік білімі бар медбикелер мен телеграфист қыздар да әскерге алынды. Ауылда еңбектеген бала мен еңкейген қария ғана қалғандықтан, жұмыстың ауыр бөлігі қыз-келіншектерге жүктелді.
Осы кезде әйелдер арасынан бірінші болып Жәбира Жүсіпова паровоз машинисінің міндетін атқарған. Ол 1940 жылы небәрі 18 жаста ғана еді. Теміржолшылар даярлайтын курсты тәмамдап, Қырғызстандағы Бішкек паровоз депосына жіберілген болатын. Соғыс ауыртпалығы Жәбираның сағын сындырған жоқ. Қайта ол шыңдалды, қанатын қатайтты. Сөйте жүріп табанды еңбегінің нәтижесінде елдің құрметіне бөленді. Мақтау мен марапатқа ілігіп, әйел машинистердің арасында тұңғыш рет Ленин орденін кеудесіне тақты. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясының XIII съезіне делегат болып қатысты. Ешқандай қиындыққа мойымаған Жәбира апай ел құрметіне бөленіп, ерен еңбегі еленді. Қазіргі таңда Луговой ауылының бір көшесі Жәбира Жүсіпованың атымен аталады. Соғыс кезіндегі кішігірім ғана Луговой бекетінің жалпақ жұртқа осылайша үлкен көмегі тиді.
Жылдар жылжып өтіп, теміржол бекеті де, тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекен де танымастай болып өзгерді. Бертін келе станса ел экономикасының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Луговой стансасы арқылы күніне 100-120 маңызды жүктеген пойыздар мен жолаушы пойыздары өтеді. Айту ләзім, болат жол тұтастай электрлендірілген. Пойыздарды қазіргі заманғы қуатты электровоздар сүйрейді. Осы Луговой теміржол бекеті маңында ұзындығы 800 метрге жететін рельстер шығаратын қуатты зауыт жұмыс істеп тұр. Жол околодкалары мен оған техникалық қызмет көрсететін, байланыс қызметін қалыпқа келтіріп отыратын мекемелердің де қуаты арта түсті. Бұрын пойызды бір жолдан екінші жолға жіберу үшін бағыттаушы стрелка қолмен ауыстырылатын болса, кейін ол тетікпен жүргізілетін дәрежеге жетті. Үлкен стансаларда пойыздарды диспетчерлер бақылап, қажеттілігіне қарай арнайы құрал арқылы бағдарлап отырады. Міне, тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың кешегісі мен бүгінгісі дәл осындай.
Луговой ауылындағы теміржол вокзалы ғимара­­тына ілін­­ген тақтайшалардың бірін­де «1927 жыл­дың 2 қарашасында болат жол­дың бойына бірінші рельс төсел­ді» делінсе, екіншісінде «Халық комис­сариа­ты төрағасы­ның орын­басары Тұрар Рысқұловтың сөзінен кейін, 1927 жылдың 21 қарашасында Луговой бекеті арқылы рельс бойымен алғашқы №6394 паровозы жүргізілді», деп жазылған. Бүгінде бұл станса Түрксіб деп аталады. 2020 жылдың 23 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Теміржол вокзалы кешенін және кейбір теміржол стансаларын қайта атау және кейбір теміржол стансалары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» қаулысы қабылданып, Түркістан – Сібір теміржол магистралінің 90 жылдығында теміржолдың алғашқы рельсі салынған станса атауы осылай жаңарған болатын.
Ғасырға жуық уақыт бұрын бұл жерде адам аяғы баспаған, көк шалғынды, кең жазық дала ғана бар еді. Ал бүгінде 10 мыңнан аса халыққа құтты мекен болған Луговой ауылы көркімен көз тартады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: