Қызай Салтанат Нұрланқызы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Т.Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына №11 сайлау округі бойынша тіркелген кандидат Қызай Салтанат Нұрланқызы 1991 жылы 17 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында туылған. Қазақстан Республикасының азаматы.
Салтанат Нұрланқызы 1998 жылы Ақыртөбе орта мектебінің бірінші сыныбына барып, орта мектепті Тараз қаласында 2007 жылы аяқтаған. Сол 2007 жылы Жамбыл политехникалық колледжіне түсіп, онда «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын алып шығады. Ал, 2010 жылы Тараз қаласындағы «Әулиеата» университетіне түсіп, онда да «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып, аталмыш оқу орнын сәтті аяқтады.
Салтанат Қызай өз еңбек жолын 2010 жылы Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында маман болып бастайды. Ондағы қызметі 2012 жылға дейін жалғасады. Ал 2018 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Т.Рысқұлов аудандық «Жастар ресурстық орталығында» инспектор маман ретінде қызмет етіп келеді.
Үйленген. 2 ұл, 1 қызы бар. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған.
Сайлауалды бағдарламасы
Егер де мен Қызай Салтанат Нұрланқызы аудандық мәслихат депутаты ретінде сайланатын болсам, Луговой, Жалпақсаз ауылдарында Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын насихаттауға, оның шынайы өмірде жүзеге асуына өз ықпалымды тигізетін боламын. Ол үшін өзімнің білімімді және тәжірибемді қолданып, бар күш-жігерімді жұмсаймын.
1. Ауылдарды көріктендіру мен абаттандыруға ерекше көңіл бөлетін боламын. Ауыл аумақтарында экологиялық мәдениетті дамыту үшін жастар арасында сан түрлі іс-шараларды жасауға бар күшімді саламын.
2. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында шағын және орта бизнесті дамытуға, оған арналған мемлекеттік бағдарламаларды кең көлемде түсіндіруге өз ықпалымды тигіземін. Жастарға қолдау тетіктерін көрсетіп, ақпараттық қолжетімділікті барынша арттыратын боламын.
3. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау – аса маңызды. Сол үшін де ауыл аумағындағы көшелерге жарық орнату жұмыстарын қолға алып, тұралап тұрған тірлікті жандандыруға күш саламын. Осы орайда жол мәселесі де назардан тыс қалмайтын болады.
4. Менің ұғымымда «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл ерекше орын алады. Үш баланың анасы ретінде мені ауылдардағы аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайы қатты алаңдатады. Оларды қолдау, аз қамтылған отбасылар арасында жұмыссыздық деңгейін азайту және басқа да көкейкесті мәселелерді шешу бағытында мен қарқынды жұмыс істейтін боламын.
5. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Оларға қолдау көрсету мемлекет үшін аса маңызды қадамдардың бірі. Осыны ескере отырып, мен жастарды ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына ықпал ететін боламын.
6. Сондай-ақ, менің сайлауалды бағдарламамда тұрғындардың табысын арттыру, тұрмыс жағдайын түзету жұмыстары да қамтылған. Бұл бағыттағы бастамаларда басты назарда болады.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.