Құланнан қанат қаққан қырандар

457 Views

Биылғы жыл тұрарлықтар үшін дүркіретіп те, дүбірлетіп те той өткізетін жыл. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Неге? Себебі, ауданымыз 1938 жылы отау құрып, қалыптасқанына биыл 85 жылдың жүзі болыпты. Біз осы тұрғыда ауданның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін басылым бетінде әр түрлі салаларды қамтып, өткенді қайта парақтап шығуды жөн көрдік. Өткен сандарымызда тау тұлға Тұрардың бастамасымен құрылған Түрксіб теміржолы жайында сөз қозғасақ, бүгін ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі бар спорт саласына тоқталатын боламыз. Киелі Құлан жері құдды бір спорт саңлақтарын даярлайтын фабрика іспеттес. Бұл асыра айтқандығымыз емес, шын мәнісінде дәл солай. 85 жылдық тарихы бар ауданнан шыққан спорт шеберлері мен Олимп шыңын бағындырған толағайларымыз да аз емес. Ендеше бүгін біз сіздермен бірге тарих беттерін қайта парақтап көрелік.

Аға ұрпақтың ерлікке толы үрдісін санасына сақтап алған аудан тұрғындары бүгінде егемен еліміздің гүлдене түсуі жолында қашанда алдыңғы шептен көрініп келетініне шүбә келтірер жан жоқ шығар, сірә! Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ауданда талай спорт шеберлері мен Олимпиада ойын­дарының жеңімпаздары дүниеге кел­ген. Бұрынғы бағзы заманды былай алғанда самалы ескен кең даламызда кіндік қаны тамған спорт саңлағы­ның алғашқысы – Саяқ Терсебаев еді. Тұяқты тұлпарлар өсірумен әлемге аты мәшһүр болған жерлесіміз ат спорты ойын­дарынан тұңғыш рет КСРО-ның «Спорт шебері» атағымен бірге «Одаққа еңбегі сіңген жаттықтырушы» атанды.Қазіргі таңда орталық атшабарға осы Саяқ Терсебаевтың аты берілген. Дәл осылай Құлан ауылындағы орталық стадионға да Кенжебек Бекебаевтың есімі берілгені белгілі. Оның да өзіндік мәні бар. Кенжебек Бекебаев Балтық теңізі бойынша өткен жарыста І орын алып, СССР теңіз флоты арасында бокстан өткен біріншілікте чемпион атанып, сол сәтте-ақ боксшыға «Спорт шебері» деген атақ берілген болатын. Бұл – тарих беттеріне алтын әріппен есімдері жазылған алғашқы аға буынды спортшылар.
Қазақ халқы үшін жеті қазынаның бірі саналатын тұлпардың орны ерекше. Сол секілді құландықтар үшін де асыл тұқымды «Абсент» сәйгүлігінің орны орасан зор. Абсент 1960 жылы Римде жеңімпаз атанса, 1964 жылы Токиода және 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. Осылайша Абсент сол сәтте оймақтай ауданның атын әлемге танытқан еді. Біз бұдан бірнеше жыл бұрын «ХХ ғасырдың жұлдызды жылқысы» жайында басылым бетінде көп сөз қозғаған болатынбыз. Соның ішіндегі ең маңыздысы – сәйгүлік туралы көркем фильм түсіру. Бұл ұтымды ұсынысымыз «Айқын», «Арай» сынды ірі басылымдар мен «Арғымақ» секілді әдеби порталдарға да жария­ланған болатын. Бірақ, өкінішке орай осы орамды ойымызды құптайтын бір кинорежиссердің әлі күнге дейін табылмауы көңіл құлазытады. Ой­лап қараңызшы… Егерде жұлдызды жылқы жайында кино таспаланатын болса, біз біріншіден, ауданымыздың атын танытып, екіншіден, күні бойы телефонға телмірген балаларымыздың жылқыға деген қызығушылығын арттырар едік. Ал үшіншіден, бұл аудан аумағында туризмді түлетудің ең төте жолдарының бірі болар еді. Кино барысында Абсентпен өмірі байланысты болған Молдаш Әміреев, Сергей Филатов, Кәрім Әсенов сынды болмысы бөлек азаматтардың да бейнесін ерекше етіп таспалауға болады.
Қасиетті Құлан жері Олимпиада жүлдегерлерін баптауын тоқтатқан емес. Білікті бапкерлер мен аудан тұр­ғындарының спортқа деген ықыласы талай тарландарды Олимп шыңына шығарды. Атап айтқанда, Жақсылық ауылының тумасы Ермахан Ыбрайымов Атланта ойындарында қола медальдың иегері атанса, араға 4 жыл салып Сидней Олимпиадасында алтыннан алқа таққанын аудан жұртшылығы әлі де мақтанышпен айтып келеді. Иә, дәл сол жылы ауданымыздың мерейі үстем болғаны анық. Себебі, былғары қолғап шебері Ермахан ағамызбен бірге Олимпиадаға барған ауданымыздың тағы да бір түлегі Ислам Байрамуков еркін күрестен күміс жүл­дені қанжығасына байлап келіп еді. Қарақыстақ пен Жақсылықтан шық­қан қос ұланның жеткен бұл биігі сол кездегі іргесін енді бекітіп келе жатқан еліміз үшін үлкен жетістік болатын.
Араға біраз жылды салып дәл осы еркін күрестен Құмарық ауылының тумасы Ақжүрек Таңатаровтың қола медалі біздің төбемізді көкке жеткіз­ді. Алтын медальға татитын бұл жеңіс Лондон Олимпиадасының еншісіндегі биік тұғыр еді. Ақжүректің ақ жолын Бразилияның Рио-де-Жанейро қала­сында өткен жазғы Олимпиада ойын­дарында Елдос Сметов бауырымыз да сәтті жалғады. «Жалпақсаздың жампозы» атанған Елдос бұл байрақ­ты бәсекеде күміс жүлдені еншілеген болатын. Елдос Сметов бұл ерлігін соңғы өткен Олимпиада ойындарында да қайталап, Токиода да қола жүлдеге қол жеткізді. Міне, Олимп шыңын бағындырған киелі Құлан жерінің қырандары – осылар.
Сонымен Құланнан шыққан қыран ұлдардың қоржынында Олимпиада­ның бір алтыны, екі күмісі, үш қоласы бар. Оған сонау Кеңес Одағы кезінде Абсент алған алтын мен қоланы қоссаңыз, барлығы сегіз медаль болады. Керемет көрсеткіш пе? Меніңше, бұл еліміздегі бірде-бір ауданға бұйырмаған бақ секілді.
Токиодағы төрешінің теріс әрі бұрыс төрелігі болмаса, Олимп шыңын бағындырған жерлестеріміздің саны тағы да біреуге ұлғаяр ма еді?! Кім білсін… Иә, біз Қарақаттан қанат қаққан Әлішер Ерғали бауырымыз жайында сөз қозғап отырмыз. Бірнеше рет ел біріншілігінде, Азия және әлемдік додаларда өзгелерден оқ бойы озып жүрген Әлішерді Токио Олимпиадасына аттандырғанымызда одан зор үміт күткеніміз анық. Бірақ, төрешінің әділетсіз шешімдері Әлішерді жартылай финалға шығарған жоқ. Дегенмен, біз жерлесіміздің жарқын жеңістері әлі алда екендігіне бек сенімдіміз. Еркін күрестен ел намысын талай байрақты додаларда сәтті қорғап, Құланның абыройын асқақтатқан Әділет Дауланбаев та біздің мақтан етер спортшы.
Сонымен қатар ауданнан шыққан атақты әрі жас спортшылар қатарын­да Ерсін Станбек, Яссауи Мұхтарұлы, Ержет Жарылқасын, Нұрданат Айтанов, Нұрсұлтан Дүйсенқұл сынды жас жігіттер де бар. Аты атал­ған жігіттер әлі де ауданымыздың атын республикалық әрі әлемдік деңгейде танытатынына кәміл сенімдіміз.
Ауданымызда нәзік жандылардың да спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Олардың қатарына бұрымды боксшыларымыз Ақерке Наурызбайды, Адина Қалдыбай мен Дана Дидайды қосуға болады. Сондай-ақ, бұл тізімге хоккейші замандасы­мыз Бұлбұл Қартанбайды да қосыңыз. Есімі соңғы аталған спортшы ару бүгінде ел аумағында қысқы спорттың дамуына ерекше серпін беріп келеді. Көгершін ауылында туылған Бұлбұл қазақ қыздары арасынан мұхит асып, хоккейден бапкер болған алғашқы ару. Бүгінде ол Еуропаның 5 елімен ресми түрде келіссөздер жүргізіп, сондағы білікті мамандармен тәжірибе алмасып, 8-16 жас аралығындағы ұл-қыздарды қысқы спорт түріне баулып жүр. Жерлесіміздің қолға алған жобасы жемісті болсын демекпіз.
Иә, біз бүгін ауданның спорттық өміріне ерекше тоқталып өттік. Бес бірдей мақтанышымызды жеке дара атап өтіп, болашағынан зор үміт күттіретін жастардың да есімдерін естеріңізге салдық. Ел мерейін үстем ететін, болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларымыз көп болғай!

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: