Айшықты мереке құтты болсын!
Алғыс айту күні – бұл ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні десек дұрыс болады. Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Биыл осы айтулы мерекені 8-ші рет атап өтудеміз.
1 наурыз жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтілуде. Бұл күн барлық азаматтарымызды бұрынғыдан да жақындастыра түсуде. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.
Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті.
Столыпин реформасы кезінде және одан кейін Сталиндік репрессия кезінде Қазақстанға тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеліп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі келген жағына қайтып кеткен жоқ, Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан еліміздегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толыққаны заман талабынан туындады деп ойлаймын. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Біздің ауданымызда да 20-дан астам өзге этнос өкілдері жергілікті тұрғындармен бір кісінің баласындай тату-тәтті қарым-қатынаста өмір сүруде. Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Айшықты мереке – Алғыс айту күні құтты болсын ағайын!
Серік Өтегенов,
аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.