Таттыхожаев Талғат Сайлауұлы

384 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

Өмірбаяны

Таттыхожаев Талғат Сайлауұлы 1967 жылдың 5 тамызында бұрынғы Октябрьшаруа, қазіргі Қарақат ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1974 жылы сол кездегі Октябрьшаруа сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттап, 1984 жылы Құлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебін тәмамдаған.
1984-1985 жылдары Луговойдағы МКСО-да межколхоз құрылыс бөлімінде жұмысшы болып еңбек еткен. 1985 жылы МКСО-ның жолдамасымен «Жамбыл гидромелиоративті құрылыс» институтының «водоснабжение-канализация» факультетіне күндізгі бөлімге оқуға түскен.
1986 жылы 1 курсты бітіргеннен соң әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Свердлов облысы, Тавда қаласында өтеген. 1988 жылы әскерден оралып, оқуын қайта жалғастырған.
1992 жылы сол кездегі Луговой ауданының ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып жұмысқа қабылданған. 2000 жылы офицер қатарына өтіп, лейтенант шенін алған. Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып жүріп, аудан бойынша ауыр қылмыстарды ашу бағытында еселі еңбек еткен. 2012 жылы 45 жасында зейнетке шыққан. Көптеген мақтау қағаздары мен медальдардың иегері. Зейнетке шыққан соң, яғни 2012 жылдан бері Луговой ауылында орналасқан «Түркіменстан-Қытай» Азия газ құбырын тасымалдау мекемесінде күзет бастығы болып қызмет атқарып келеді.
Отбасылы. 1 ұлы және 1 қызы бар.

 Сайлауалды бағдарламасы

Құрметті сайлаушылар! Еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына қадам басты. Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қазақстанда қазіргі таңда саяси әрі экономикалық реформалар жүзеге асырылуда. Осы болып жатқан саяси һәм экономикалық өзгерістерге мен де өз үлесімді қоссам деген ниетпен Қазақстан Халық партиясы атынан №360 округтен аудандық мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп отырмын.
Сайлаушылар маған сенім білдіріп, қолдау көрсетіп жатса, бірқатар түйінді проблемаларды тарқатуға ықпал етіп, оң шешілуіне үлес қосқан болар едім. Аудандық мәслихатқа депутат болып жатсам, мынадай мәселелерді назарға алатын боламын. Олар:
Отандық тауар өндірушілерді қолдау, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосу, шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту үшін несие жүйесінің механизмін жетілдіруге ықпал ету, жастармен мақсатты жұмыс жүргізу және олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жұмыссыздықпен күресу, тұрғындарға әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, медициналық көмек көрсететін мекемелермен тығыз байланыста болып, олардың қызметін үйлестіріп отыру. Өзім сайлауға түсіп отырған округтегі сайлаушылармен тығыз байланыста болып, округ аумағындағы проблемаларды кезең-кезеңімен шешу басты міндетім деп білемін. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлерді жұмылдыра отырып, Қарақат ауылы орталығынан демалыс аллеясын жасау. «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде жаңа мектеп салуға қаражат бөлгізуге ықпал ету, айналма жол салуға қол жеткізу, ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылығын дамыту үшін мал жайылымын кеңейтуге ықпал ету, тау суын тиімді пайдалану үшін тау етегінен ауылға дейін лотокты канал жүргізу, күре жолдан Қарақат ауылына дейінгі жол бойына электр шамын орнату, Құлан ауылының тау жағынан қазылған, күл-қоқысқа толып кеткен дренажды тазалап, селдің алдын алу. Сондай-ақ, Қарақат ауылына кең жолақты интернет жүйесін орнатуға қол жеткізу. Осындай ойға алған сайлауалды бағдарламамды жүзеге асыру үшін Сіздердің қолдауларыңыз керек. Депутат болған жағдайда жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының талаптары мен тілектерін, мұң-мұқтаждарын бірлесіп шешуге, жаңа кезеңнің жаңа талаптарына сай еңбек етуге күш саламын. Менің негізгі қағидам – «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы». Жұрттың жанайқайын дұрыс қабылдап, халықпен бірге болу.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: