Бастауыш партия ұйымдарының есебінде Елбасы Жолдауы насихатталды

827 Views

Бастауыш партия ұйымдарының есебінде Елбасы Жолдауы насихатталды

 «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізді. Апта басында «Каменка» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұратжан Мейманханов та өзге әріптестері секілді партия мүшелері алдында өз есебін берді. Партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Асқар Қырықбаев пен филиал төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер және «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы «Каменка» бастауыш партия ұйымының 2016-2018 жылдар аралығында атқарған жұмыстары қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдымен «Каменка» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұратжан Құрманжанұлы сөз алды.

– Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің жаңаша дамуына жол ашып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыратыны анық. Ал, Жолдау талаптарын орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл орайда «Нұр Отан» партиясына жүктелер міндеттер қатары аз емес. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді саяси серігі, барлық жауапты істе шыңдалған еліміздегі ең ірі саяси

 ұйым. Ал, біздің ортақ жетістігіміз әрбір партия мүшесінің күш-жігері мен белсенділігіне, жоғары азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты, — дейді ол жауапкершілік жүгін сезінетінін жеткізіп.

Бастауыш партия ұйымы төрағасының есепті баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан Тубсанаторий негізгі мектебінің директоры Мырзабек Маңғұтов, Қарақыстақ ауылдық амбулаториясының медбикесі Зәмзат Тәжібай, аудандық жастар ресурстық орталығының Қарақыстақ ауылдық округі бойынша инспекторы Дінмұхамед Ахметовтер Елбасы Жолдауын қызу қолдады. Олар алдағы уақытта қазақстандықтардың әл-ауқаты өсіп, табыс пен тұрмыс сапасының арта түсетініне сенімді. Сондай-ақ, ұйым төрағасының жұмысына қатысты ойларымен бөлісіп, оң бағасын берді. Ал, аудан әкімі, партия аудандық филиалының төрағасы Асқар Санатұлы өз баяндамасында Елбасы Жолдауы мен аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті.

– Елімізде орын алған айтулы оқиғалардың ең негізгісі – Мемлекет басшысы партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауы болды. Жолдауда мемлекетіміздің ендігі бағыт-бағдары айқындалып, ел тұрғындарының әлеуетін көтеру міндеттері белгіленді. Алты бөлімнен тұратын Жолдауда айтылған басымдықтардың барлығы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жарқын белесін қалыптастырған, болашағын айқындайтын сындарлы саясатының жергілікті жерде табысты жүзеге асуы ең алдымен халықтың қолдауына, сеніміне байланысты, — дей келе ауыл тұрғындарын Елбасы, партия Төрағасының сенімін ақтап, елімізді жарқын болашаққа жетелейтін қадамдарға әрқашан қолдау білдіруге шақырды.

Филиал төрағасының баяндамасын байыппен тыңдаған нұротандықтар келесі кезекте бастауыш партия ұйымының төрағалығына Мұратжан Құрманжанұлын қайта сайлап, сенім артты. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының кезекті ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлап, тарқасты.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: