Ұлттық құрама ФУТБОЛШЫЛАРЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

748 Views

Ұлттық құрама ФУТБОЛШЫЛАРЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Сейсенбі күні Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары ұлттар лигасының төртінші кездесуінде Андорра елінің аяқдопшыларын өз алаңында қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Әрине бұл жолғы ойынға «Астана-арена» стадионына көп жанкүйер келмесе де, матч өте тартысқа толы болды.

Айта кетейік, қос қарсылас алғашқы кездесуде ұпай бөліскен болатын. Сондықтан ел футболшыларынан отандастарымыз тек жеңіс күткені жасырын емес. Қонақтар қақпасына алғашқы голды ойынның 21-минутында «Тараз» футбол клубының талантты түлектерінің бірі Еркебұлан Сейдахмет соқты. Бұдан бөлек, матчтың 39-минутында Бауыржан Тұрысбек есепті еселесе, «Қайрат» сапында жасындай жарқылдап жүрген жамбылдық аяқдоп шебері Бауыржан Исламханның соққысын сәтсіз қайтарған андорралық қақпашы үшінші голды өз еншісіне жазды. Яғни, автогол болды. Андорралықтардың қақпасына 4- голды «Астана» футбол клубының шабуылшысы Роман Муртазаев соқты. Жалпы, ұлттық құрама жігіттері бұл жолы керемет ойын өрнегін көрсетті. Соның ішінде Бауыржан Исламхан, Бақтиор Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет сынды жамбылдық футболшыларға жанкүйерлер ерекше қолдау көрсетіп отырды. Әсіресе, Ресей премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген қазақтың Мессиі Еркоштың қайшылап тепкен соққысы отандастарымыздың көңілінен шыққаны анық. Ұлттық құрама футболшылары келесі кездесуінде 15 қараша күні «Астана-аренада» Латвияға қарсы ойнайды.

ШЫМКЕНТТЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Біз газетіміздің өткен сандарының бірінде №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокс жаттықтырушысы болып еңбек ететін Еділбек Тайлақовтың Бішкек қаласынан 42 шақырымдық марафон жарысында жүлделі III орынды жеңіп алғанын жазған едік. Мінеки, көп ұзамай Шымкент қалалық денешынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Шымкент марафон 2018» атты жарысынан Еділбек ағамыз тағы да жүлдемен оралып отыр.

Шымкент шаһарынан аталмыш додаға әр түрлі жас аралығында 4 мыңнан аса спортшы қатысқан. Қазақ елінің марафоншыларынан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстаннан да бақ сынағандар болыпты. Өз категориясында яғни, 40- 49 жас мөлшерінде жарысқа түскен Еділбек Тайлақов мәре сызығын үшінші болып кескен. «Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мәреге сынық сүйем қалғанда өзбек марафоншысынан қалып қойдым. Дегенмен, бұл спорт. Бірде менің бағым жанса, енді бірде өзгенің жолы болады. Енді желтоқсан айында Астана қаласында өтетін қыстық марафонға дайындық жүргіземін. Сәтін салса, сонда топ жарармыз» дейді бокс жаттықтырушысы. Жалпы, биыл өзі қатысқан сегіз доданың бесеуінде жүлдегерлер тізіміне енген Еділбек ағамыздың табандылығы мен шыдамдылығы өзге жас спортшыларымызға үлгі- өнеге болса деген тілегіміз бар.

Топтаманы дайындаған

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: