Арнайы гранттың иегері атанды

344 Views

Қазыналы қазақ халқы «Білім инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Расында да білім алу, оны санаға сіңіру – қиынның қиыны. Сондықтан да, ол – ең қымбат асыл қазына. Егерде маған «Әлемдегі ең қиын пән я болмаса ғылым қандай?» деген сауал жолданатын болса, мен ойланбастан «математика» деп жауап берер едім. Неге? Себебі математика ғылымы есептеу, санау, өлшеу, физикалық элементтерді жүйелі түрде орнықтыру арқылы көрініс табатын сала. Оның тарихы өте тереңде жатыр. Арифметика, геометрия, алгебра, тригонометрия сынды айрықша бөлімдерден тұратын ғылымның дамуы төрт кезеңнен тұрады. Аталмыш ғылымның биіктеп өрлеуіне Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми, Омар Хайям, Диофант, Рене Декарт, Исаак Ньютон, Жан Даламбер, Жозеф Лагранж, Н.И.Лобачевский, Фибоначчи, Карл Гаусс, Нильс Абель, Эварист Галуа, Евклид сынды математиктер өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, бұл тізімге әлемге әйгілі ойшыл, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика және музыка салаларын зерттеуші Әбу Насыр әл-Фарабиді де қосуға болады.
Отырар қаласында дүниеге келіп, есімі әлемге мәшһүр болған атақты ғалымның бүгінгі ізбасарлары да жетерлік. Оны әлемдік додаларда ел мерейін үстем етіп жүрген мектеп оқушыларының жарқын жеңістерінен анық аңғаруға болады. Жалпы Мемлекет басшысы да оқу ордаларында математика пәнін тереңдеп оқытылғанын қалайды. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі өткен жылдан бастап аталмыш пәнге айрықша ден қойып отыр.
Математика ғылымын дамыту жұмыстары ауданымызда да ерекше серпіліспен жүзеге асып келеді. Күні кеше Луговой ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде 11-сынып оқушылары арасында математика пәнінен арнайы жарыс ұйымдастырылды. Байқаудың бас жүлдесі – Шерхан Мұртаза атындағы Тараз Халықаралық инновациялық институтының арнайы гранты. Айта кетейік, аудандық пәндік олимпиада Ш.Мұртаза атындағы Тараз Халықаралық инновациялық институты, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімі мен Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен өтті. Олимпиаданың басты мақсаты – балалардың танымдық қызығушылықтарын, сонымен қатар интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады.
Жарыс басталмас бұрын қатысушылар жарыстың салтанатты іс-шарасына қатысты. Онда Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің директоры Ербол Қайпулдаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Шолпан Толымбетова, Ш.Мұртаза атындағы Тараз Халықаралық инновациялық институтының «Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Абай Бегендікұлы Шырақбаев сөз сөйлеп, аталмыш бағыттағы жарыстар оқушы білімін арттырып, адами капиталын дамытып, жоғары оқу орнында тегін білім алуына мүмкіндік сыйлайтынын жеткізді. Ізінен барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, шын мықтының жүлде иесі атануына тілектес екендіктерін жеткізді.
Олимпиадаға барлығы 21 оқушы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің 11-сынып оқушысы Дильназ Төлегенге бұйырды. Осылайша ол Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 25%-дық жеңілдігіне ие болды. Ал аталмыш оқу ордасының 50%-дық жеңілдік иегері атанған Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Дархан Әуесбек байқауда ІІ орынды еншіледі. Байқаудың бас жүлдесі, яғни Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының арнайы гранты Құлан мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Арай Садыханның қанжығасына байланды.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, аталмыш бағыттағы жұмыстар әрмен қарай да жалғасын тапса дейміз.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: