Батыл жүректі азамат

227 Views

Саламат Алламбергенов – Луговой ауылының тұрғыны. Оны біз бала кезден жақсы танимыз. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет әрі қамқорлық көрсете алатын жандардың бірі етін. Әлі де сол өмірлік ұстанымы мен дағдысынан айырылмай, берік ұстанып келеді.
Шамамен бес жылдай болды-ау, елімізде «Қайырымдылық керуені» атты республикалық байқау ізін суытпай ұйымдастырылуда. Аталмыш байқаудың басты мақсаты – аз қамтылған әрі мұқтаж жандарға қысылған сәтте демеу болған, ең бірінші өзінің емес өзгенің жайын ойлайтын жаны жомарт, қол ұшын созуға әрдайым ұмтылып тұратын жандарды марапаттау әрі оларды елге таныту. Олардың жасаған ерлігін көрсете отырып, өскелең ұрпақ бойында батылдықты, қамқорлықты, отансүйгіштікті дамыту. 5 жыл қатарынан «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры мен «Қазақстанның іскер әйелдер» қауымдастығы ұйымдастырған бұл байқау жүздеген адамды, нағыз патриоттарды, батырлар мен меценаттарды анықтап келеді. Бұл баянды бастама биылда жалғасын тауып, 7 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды. Солардың қатарында жоғарыда біз сөз еткен жерлесіміз Саламат Алламбергенов бауырымыз да бар. Ол аталмыш байқаудың «Батыл жүрек» номинациясы бойынша «үздік» деп танылып, арнайы медальмен марапатталды.
«Не үшін?» дейсіздер ғой… Жауап берейік ендеше. Саламат Астана қала­сында 2020 жылы өртке оранған үйден 3 баланы өлімнен құтқарған. 2015, 2017 және 2019 жылы туған балалар анасы су әкелуге кеткенде қараусыз қалған екен. Саламат көрші үйден түтінді байқап қалып, балалардың дауысын естиді. Ойланбастан оларды құтқаруға асыққан. Ең алдымен, үйдің ішіне терезе арқылы кірмекші болады, бірақ оған мүмкіндік жоқ еді. Содан кейін сыртқы есікті бұзып кіріп, бетін матамен бүркеп, бөлменің ортасында құшақтасып, жылап отырған екі баланы тапқан. Ал ең кіші үшінші баланы Саламат диванның астында тұншығып жатқан жерінен алып шықты. Оны күрте­шеге орап, далаға шығарып, алғашқы көмек көрсетті. Өзі үйге қайта кіріп, өртті сумен өшіріп, бүкіл үйдің өртеніп кетуіне жол бермеген. Ерлік пе? Меніңше, «көзсіз ерлік» деп осыны айту керек.
Мен білетін Саламат атаққа, мансап­құмарлыққа жақын емес. Тіпті, әу баста осы мақаланы жазуға да қарсы болды.
– Менің орнымда кез келген адам осындай ерлікке барар еді. Бұл жағ­дай­ды Мақсат есімді досыма айтқан бола­тын­мын. Тілшілерге хабар берген сол жігіт болуы керек. Мен үшін ең бастысы – бүлдіршіндердің амандығы, – деді батыл жүректі Саламат.
Айта кетейік, жуырда Саламат облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан да марапатталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: