Жеңімпаздар «Жұлдызайдың» облыстық кезеңіне қатысуға жолдама алды

288 Views

Өткен жұмада, яғни наурыз айының 17-сі күні аудандық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, аудандық білім беру мекемелеріндегі ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың арасында «Жұлдызай» фестиваль-байқауы өтті. Биыл XVIII рет ұйымдастырылып отырған аталмыш байқау Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында өтті. Байқаудың мақсаты – білім беру мекемелеріндегі ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларға қолдауға көрсету.
Фестивальдің шымылдығын аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмираш Қырықбаева сөз сөйлеп, ашып берді. Гүлмираш Қуанышбекқызы өз сөзінде білім беру мекемелеріндегі ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірге деген шексіз құштарлығын айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған байқауға 13 мектептен 24 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. 3 номинация бойынша өрбіген «Жұлдызай» байқауының аудандық кезеңінде қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталып, оларға аудандық білім бөлімі басшысының дипломы табыс етілді. Алдағы уақытта осы байқаудан жүлделі бірінші орын еншілеген 5 қатысушы, яғни «Аспап» номинациясы бойынша Нұрмұхамед Сүйерхан (Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушісі), «Вокал» номинациясы бойынша Іңкәр Тұрсынбай (Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы), «Хореграфия» номинациясы бойынша Аяулым Дабырқұл (Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің 4 сынып оқушысы),13-15 жастағы қатысушылар арасындағы «Вокал» номинациясы бойынша Аружан Бақытжан (Жамбыл атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы), дәл осы категорияда үздік болған «Хореграфия» номинациясы бойынша Гүлсезім Серікбай «Жұлдызай» байқауының облыстық кезеңіне қатысуға жлдама алды. Оқушыларымызға сәттілік тілейміз.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: