493 Views
Наурыз мерекесінің басты тағамы – «Наурыз көже» екені мұқым қазаққа белгілі. Негізінде, «Наурыз көженің» тарихы туралы ел ішінде көптеген деректер айтылады. Шағын ғана мақаламда мен соның бірін жазсам деп отырмын. Ерте заманда халық арасында ірткі туындап, бүлік болыпты. Ер азаматтар өзара келіспеушілікке тап болып, үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес құрыпты. Ақсақалдар басқосуы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген екен. Содан кейін аузы дуалы ақсақалдар үлкен қазанға ас пісіргізіпті. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар ішінен ең беделдісі тұрып: «Ит екеш иттің өзі күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендіктерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Осы сәттен бастап, туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік», – деген ұлағатты сөз айтыпты. Бұдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлік пен татулықта өмір сүрген екен. «Наурыз көжені» халық арасында «Тілеу көже» және «Көп көже» деп те атай береді. Сондай-ақ, «Наурыз көжені» дайындаудың түпкі мәнінен – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымақтастығын, жұртымыздың жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлылығын аңғаруға болады.
Жолдасбектің Мараты.
Мұзафар Әлімбаевтың батасы
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе аз ғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!
Наурыз бата
«Әумин!» – деп бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар,
Үстем болсын мерейің.
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын.
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын.
Сырттағы жау сұқтанып,
Жағаға қол салмасын.
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін.
Наурызбенен жаңарсын,
Тәніміз бен жанымыз.
Жақсы негіз қалансын,
Жарасып ән мен сәніміз.
Әумин!
Поделиться ссылкой: