Аудандық мәслихаттың төрағасы сайланды

278 Views

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаңтар айының 19-ында басталған саяси науқанға өткен аптада үлкен нүкте қойылды. Шыны керек, аудан аумағында аталмыш науқанға байланысты қыруар тірліктер атқарылған. Оны көзбен көрдік те, шет жағасында жүрдік те. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 19 наурызына тағайындалған сайлауға аудан бойынша 50 кандидат қатысқан. Нәтижесінде Т.Рысқұлов аудандық мәслихатқа бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлаушылар 14 депутатты таңдап алған.

Біз осы 14 депутаттың тізімін аудан­дық басылымның өткен сандарында толық жариялаған болатынбыз. Тіпті кейбір кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы мен өмірбаянын да назарларыңызға ұсындық. Үгіт-насихат кезінде өз сайлаушыларына уәде беріп, алдағы уақытта үдеден шығуды көздейтін жандармен жақын таныс болдыңыздар деген ниеттемін. Енді жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарының сапалық құрамына тоқталсақ. 14 депутаттың барлығы да қазақтар. 13-і ер азамат болса, 1-еуі әйел азаматша. Жастық бөлінісі бойынша 35-63 жасқа дейін 13 депутат болса, 63-тен асқан бір халық қалаулысы бар. Осылайша жалпы аудандық депутаттық корпустың орташа жасы 49 жасты құрап отыр. Айта кетейік, 13 депутат жоғары білімді болса, біреуі арнаулы орта білімді. Депутаттар қатарында инженерлер, экономистер, педагогтар, заңгерлер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары да бар.
Өткен аптада аудан әкімдігінде 14 округтен сайланған депутаттар алғаш рет кездесіп, мәртебелі мандаттың куәлігіне ие болды. Оны оларға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілепов арнайы табыстады. Кейіннен аудандық мәслихаттың жаңа сайланған депутаттары аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен сегізінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының алғашқы сессиясына қатысты. Аталмыш жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілепов және бірқатар бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиын аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Әміреұлының баяндамасымен басталды. Төраға өз баяндамасында аудан аумағында сайлау науқанының өту барысын баяндап, атқарылған жүйелі жұмыстарды тізбектеді.
– Өздеріңізге белгілі, қоғам өмірінде саяси мағынасы ерекше орын алатын сайлау науқаны өз деңгейінде өтті. Ауданда сайлауалды және сайлау күнгі жұмыстар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының негізінде, Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілді. Сондай-ақ, сайлау процесі кезінде сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау процесін байқауға акредиттелген 2 шетелдік байқаушылар, депутаттықа кандидаттардың 179 сенімді өкілдері мен саяси партиялардың, өзге де қоғамдық ұйымдардың байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жалпы орта есеппен алғанда әрбір сайлау учаскесінде байқаушы функциясын атқару мақсатында 5 адамнан қатысты, – деген Манарбек Әміреұлы сайлауалды даярлау жұмыстары барысына және оны өткізу күніне байланысты аудандық сайлау комиссиясына 2 арыз-шағым келіп түскенін, оның барлығы заң талаптарына сәйкес қаралып, арыз иелеріне тиісті жауаптар берілгенін айтты. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде тізімге енгізілген 39998 сайлаушылардың 30495-і сайлауға қатысқанын, жалпы көрсеткіштің 76,24 пайызды құрағанын мәлімдеді. Айта кетейік, бұл облыс бойынша екінші көрсеткіш.
Оябы бөлек баяндамадан кейін депутаттар ашық дауыс беру арқылы аудандық мәслихаттың төрағасын сайлады. Жиында төраға кандидатурасын депутат Қанатбек Арыстанбеков ұсынды. Ол бұл маңызды міндетті атқаруға Ербол Әбутәліпов әбден лайықты екенін жеткізді. Ұсынысты Байболат Оспанов, Қалижан Әлімқұлов, Ертіс Тұғылшиев сынды жаңа депутаттар да қолдады. Осылайша ортақ шешім шығарған халық қалау­лылары Ербол Абақұлын мәслихат төрағасы етіп сайлады. Қайта сайланған Ербол Әбутәліпов өз сөзінде артылған үлкен сенім мен жауапкершілікті лайықты ақтауға тырысатынын айтып, депутаттарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңында халық қалаулыла­рына аудан әкімі Ернар Есіркепов те сәт­тілік тіледі. Сондай-ақ, аудан басшысы өз сөзінде сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге атсалысқан мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға, аудан әкімдігінің аппаратына, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шексіз алғысын жеткізді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: