Келісіп істесе, көп тірлік бітеді
Аудан әкімі Ернар Есіркепов сейсенбі және сәрсенбі күндері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың № 826 Жарлығына сәйкес, ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді. Әуелі сейсенбі күні өткен жиынға тоқталайық. Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ғимаратында өткен келелі кездесуге құландықтар көптеп жиналды. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, осы округтен сайланған бірқатар депутаттар және бөлім басшылары қатысты.
Аудан басшысы сөзді көп созбақтаған жоқ. Бірден атқарылған және атқарылуға тиіс шаруалардың ретін қағазға қарамай-ақ тізбектеп айтып берді. Ернар Серікәліұлы өз сөзінде:
– 2022 жылы барлығы 45 кездесу өткізілсе, оның 32-сі менің қатысуыммен өтті. Осы кездесулерде көтерілген сұрақтар мен берілген ұсыныстарды іске асыру мақсатында тиісті іс-шара жоспары бекітіліп, орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Жалпы 149 тапсырма берілген. 101 тапсырма орындалса, 43 тапсырманың орындалуы тұрақты, 5 тапсырманың орындалу мерзімі жетпеген. 2023 жылы барлығы 236 кездесу жоспарланып, бүгінгі күні ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен 45, менің қатысуыммен 15 кездесу өтті.
Өткен жылы аудандық бюджет кірісі – 15,8 млрд. теңгеге орындалып, 99,5%-ды құрады. Өзіндік кіріс – 3,9 млрд. теңгені құрап, яғни 97,8%-ға орындалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,2 млрд. теңге немесе нақты көлем индексі 109,9 %-ды құрады. Жалпы алаңы 13160 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауданда 1674 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жақында ғана облыс әкімі жұмыс сапармен ауданымызға келген болатын. Сол мезетте, біз, «Арай» тұрғын үй алқабындағы бірінші үйдің 5 пәтерінің кілтін кезектің алғашқы легіндегі отбасыларға табыстаған едік. Ол рет-ретімен беріле береді. Ал, сол алқаптағы екінші үйдегі пәтерлерді біз күз мезгілінде тапсырсақ деп отырмыз. Өйткені, үйдің құрылысы аяқталып отырғанымен, сыртқы жұмыстары қалып отыр. Оның бәрі мемлекеттік сатып алу жұмыстары арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының өз тәртібі бар. Сондықтан біз күз мезгілінде «Арай» тұрғын үй алқабындағы екінші үйдегі пәтерлерді халық игілігіне берсек деп отырмыз. Луговой ауылында бос тұрған бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлеріне 65,4 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол да кезекте тұрған 15 мұқтаж отбасыларға беріледі – деді.
Аудан башысы өз баяндамасында ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салалары туралы да кеңінен сөз созғады. Алайда, біз оның бәріне тоқталмай, ауыл шаруашылығы саласында биыл атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жазуды жөн көріп отырмыз. 2023 жылғы көктемдегі дала жұмыстарын жүргізу барысында 146,6 мың гектар егістік алқап толық игеріледі деп күтілуде. Атап айтсақ, 57100 гектар жаздық арпа, 1500 гектар жаздық бидай, 15400 гектар мақсары, 800 гектар күнбағыс, 550 гектар қант қызылшасы, 320 гектар дәндік жүгері, 700 гектар картоп, 800 гектар көкөніс, 230 гектар бақша өнімдері, 5 гектар таңқурай, құлпынай дақылдары, 9200 гектар жоңышқа (оның ішінде: 3500 гектар жаңадан) себіліп, 8035 гектар пар айдалынатын болады.
2023 жылдың көктемгі егіс дала жұмыстарын бекітілген меморандумға сәйкес сапалы және оңтайлы мерзімде, агротехнологиялық шараларды уақтылы атқара отырып, ұйымдасқан түрде жүргізу үшін іс-шара жұмыс жоспары жасалынып, бекітіліп, әр ауылдық округтерге таратылды. Аудан аумағында көктемгі дала жұмыстары наурыз айының 5-ші жұлдызында басталған болатын. Бүгінгі күнге жоспардағы 57100 гектар жаздық арпа дақылының 12370 гектары, 3500 гектар көп жылдық шөптің 445 гектары, 230 гектар пияздың 215 гектары себілген екен.
Жиналыстың тәртібі «Сұрақ-жауап» кезеңіне ойысқанда құландықтар жайылым жердің тапшылығы, атаулы әлеуметтік көмек және баспана алу төңірегінде сұрақтар қойды. Сауалдардың барлығын мұқият тыңдаған аудан әкімі Ернар Есіркепов тұрғындардың сауалдарына жан-жақты саралап, нақты мысалдармен жауап берді.
Енді сәрсенбі күні өткен жиналыстан бірер ақпар айтайық. Бұл күні аудан әкімінің дәл осындай халықпен кездесу жиналысы Ақыртөбе және Ақниет ауылдық округтерінде өтті.
Ақыртөбе ауылына биыл спорт кешені салынып жатыр. Талай жылдан бері «жыр» болған мәдениет үйі де биыл өз шешімін тауыпты. Яғни, биыл Ақыртөбеге жаңа мәдениет нысаны салынады. Қуаныш па, қуаныш әрине. Ақыртөбедегі мектептің ғимараты келісті, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жұмыс істеп тұр. Жаңа мешіт салынған. Көгілдір отын да кірген. Ауыз суға келгенде мәселе бар. Оны ақыртөбеліктер кез келген жиналыста айтады. Осы жиналыста да қозғалды бұл мәселе. Аудан әкімі Ақыртөбеге ауыз су құбырын жүргізу бойынша көптеген жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Түс мезгілінен соң осындай форматтағы жиын Ақниет ауылдық округінің орталығы Д.Қонаев ауылында жалғасын тапты. «Батыс – Қытай, батыс – Еуропа» автожолынан Ақниет ауылына баратын күре жолдың қашықтығы 15 шақырымды құрайды. Сол ауылға баратын жол өте нашар. Биыл ауылға баратын жол жөнделеді екен. Әйтеуір, асфальт сапалы төселсе екен. Ақниетте мәдениет үйі де бар. Тек соған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе ғой, шіркін. Қандай келісті болар еді. Жаңа дәрігерлік пункт та салынған. Бұрынғы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бір кәдеге жаратса да «қатып» кетер еді. Аудан әкімінің кезекті жиналысында Д.Қонаев ауылының тұрғындары балабақша мәселесін көтерді. Рас, бұл ауылға жаңа балабақша қажет-ақ. Алайда, балабақша салу мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіледі. Сондықтан бұл сауалға аудан әкімі «Келісіп істесе – көп бітеді» деген қазақы нақылмен үн қатып, кез келген осы ауылдың кәсіпкер азаматы балабақша соғамын деген ынта танытып жатса, қолдауға әзір екенін айтты.
Ал Ақниет ауылдық округіне қарасты Әбілхайыр елді мекенінің тұрғындары тағы да ауыз су мәселесін көтерді. «Әбілхайыр елді мекеніне кешенді мобильді блок орнату бойынша ілкімді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, биыл бұл мәселе де өз шешімін тауып қалар» деді аудан әкімі. Әр ауылдық округте өткен жиналыстан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен де қабылдап, сауалдарға жауап берді.
Марат Диханбай.