Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Шошқа тікен
Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы сирек жұлдыздардай жыламсырап әрең-әрең көрінеді.
Сонда бұл дүние, өзің бес-ақ күн қонақ болсаң, несі қызық?
Қызық ету, сірә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар.
Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.
Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көріп-біліп жүріп бүгілмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемі әуендер төгілер.
Олар – Құдай сүйген құлдар.
Таланттар раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне.
Талантсыз топастар тікен сияқты. Гүлдемейді. Сүйкімсіз. Азабы өзгеге. Жамандық солардан.
Мұндайлар біздің әдебиетте бар ғой.
Бір кем дүние.
Жүген алып жүгірген бала
Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы еді. Тойдың ең бір сүбелі тұсы ат жарыс қой. Республиканың түкпір-түкпірінен небір сәйгүліктер жиналған.
Бәйге басталды. Жарыс жолының ең арғы шетінде будка сияқты бірдеңе қараяды…
Әне, әне! Соңғы айналым. Қарагер тұлпар қара нөпірден оқ бойы озып шығып, алда келеді, жануар. Кенет тіп-тік шаншылған құйрығы сылқ етіп салбырап, дәл қалың халық отырған тұсқа жете бере Қарагер омақаса жығылды. Үстіндегі бала оның басынан аса ұшып түсіп, тез түрегелді де, аттың басындағы жүгенді сыпыра бастап еді, ауыздығы шықпай, әлгі бала тізгінді жұлқып-жұлқып әрең шығарды да, мәреге қарай тұра жүгірді. Бұл кезде оның тұсынан қылаң боз зу етіп өте шықты. Оның соңынан бала да мәреге жете бере жығылды-ау… Өзі сәл-пәл жетпеген мәреге жүгенді лақтырды. Жүген дәл мәре сызығының үстіне барып түсті. Бұл кезде қылаң боз да сызықты кесіп өтіп еді.
Артынша дүрмек қаптап кетті де, бала көрінбей қалды.
Жарыстың аяғы дауға, тіпті жанжалға айнала жаздады.
Озып келген қылаң боздың иесі мен оның жақтастары мәре сызығына лақтырылған жүгенді есепке алмау керек деп кергіді.
Зорығып құлаған Қарагердің жанашырлары мәреге жүйріктің орнына жүген барғанын ата-баба салты деген уәж айтып қасарысты.
Сөйткенше, бәйге жарыстың бас бақылаушысы микрофон арқылы, қылаң боз жарысқа сонау будканың тасасынан соңғы айналымда қосылғанын айтып, не керек, бірінші бәйге жүген лақтырған балаға берілсін деп жариялады.
Бұл кезде ерен жүйрік Қарагердің өлі денесі жол үстінде әлі теңкиіп жатыр еді.
Бір кем дүние.
Үрей әфсанасы
Еуропалықтар «Авиценна» деп кеткен атақты Әбу Әли Сина айтқан мына бір әңгіме:
Егіз қозы. Екеуі емген емшек, жеген жем, ішкен су бірдей. Бірақ біреуі қасқырдың қарсы алдында байлаулы. Екіншісі – аулақта, қорада.
Енді бір қараса: қасқырдың алдындағы құр сүлдесі қалған. Қорадағы сеп-семіз.
Бірінші қозының күнін Құдай басқа бермесін.
Кейде ойлайсың, бірінші қозының хәлі менің басымда емес пе деп.
Кейде мен өзімді айдаһардың алдында отырған көжек сияқты сезінемін. Айдаһар талай-талай күштілерді жұтып жіберіп еді-ау.
Ақын мен ақбөкен
Екеуі де қорғансыз.
Екеуі де тағдырлас.
Ақынның аты – Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан. Бетбақтағы ақбөкен қырғыны. Ол соны өлеңмен жазды. Ақбөкенді әуелі төртаяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен – бес құралайды құлатып, сонымен тынды.
Ал енді жерде – машина, көкте тікұшақ мінген қасқырлар ақбөкен табынын қынадай қырып салды.
– Үрейден Бетбақ дала жұлды шашын,
Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.
Жаралы жалғыз қалған текті теке,
Құламай, арт жағына бұрды басын.
Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,
Құламай қалт-құлт етіп тұрып қалды.
Адамдар қуып жеткен, оқ шығармай,
Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.
Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,
Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.
Бес бірдей құралайды қанағат қып,
Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.
Болмадың қасқыр ғұрлы өр тоятты,
Басыңа ойнатар ма еді сол таяқты?!
Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,
Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.
Қырғынға куә болып құм жылады,
Аспанда Ай да жылап, қынжылады.
Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,
Пана етіп ұйықтап жатқан бір жыраны…
Бауыржан Үсенов Бетпақдала қырғынын осылай жазды.
Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар.
Ал аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой… Бірақ сол қоғамның өзі алдымен атып жүрмесін құралайды…
Ана жылдары Сарыағашқа барып жүргенде, сондағы залдан қабырғаға ірі жазумен ілулі тұрған «Хош, Сарыағаш, нәрлі су» деген Тұманбай ақын өлеңін көріп едім. Естен шықпайды.
Ал табиғат, аңдарды қорғау мекемелері Бауыржан Үсенов өлеңдерін білсе ғой, шіркін.
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).