Жеңіл атлетикадан жақсы нәтиже көрсетті

215 Views

Каменка ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары жеңіл атлетикадан жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Оны сан мәрте жаздық газет бетінде. Осыдан бірер жыл бұрын Елена Хуголь керемет көрсеткіштер көрсетті. Одан соң Нұржан Әуесбай деген оқушы болды. Қазір студент екен. Енді міне, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жүніс Бектемишевтен тәлім алатын мектеп оқушылары сәуір айының 13-і мен 15-і күндері аралығында жеңіл атлетикадан Қаратау қаласында өткен облыстық жарыста сәтті өнер көрсетіп, ауданымыздың мерейін тасытты.
Атап айтсақ, осы жарыста Айсу Молдахан, Тілек Тоқтыбай, Мұрат Молдаш және Айару Кенжеқұл чемпион атанса, Дамир Ермек, Медина Жамбылқызы, Азамат Сүйінбек, Нұрдәулет Мұрат, Еркеназ Сәрсен және Гүлфира Бердияр жүлделі екінші орынды иеленді. Ал Ислам Үмітбек, Дәулет Ермек, Аяулым Молдаш, Айым Ермек, Елнар Жұмахан, Ақжол Тоқтағұл және Мұрат Молдаш үздік үштіктің қатарына еніп, жүлделі үшінші орынға ие болды.
(400x300x200x100 м) жүгіру, яғни шведтік эстафетадан Айсу Молдахан, Дәулет Ермек, Дамир Ермек және Медина Жамбылқызы секілді мектеп оқушылары жүлделі екінші орынға ие болды.
Ол ол ма, Жүніс Бектемишев бұдан соң жеңіл атлетикадан Шымкент қаласында өткен республикалық жарысқа Айсу Молдаханды үкілеп апарды. Және Айсу Жүніс ағайының сол сенімін ақтай білді де. Еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкент шаһарында өткен байрақты жарыста Айсу Молдахан 400 метр қашықтыққа жүгіруден жүлделі екінші орынды иеленді.

РS: Газеттің макеті сызылып, бет қатталып жатқанда тағы бір қуанышты жаңалықты естідік. Өткен аптада, яғни сәуірдің 20-сы мен 21-і күндері аралығында мерейлі Меркі жерінде «Ұлттық мектеп лигасы» бағдарламасындағы жеңіл атлетикалық жарыста Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды жеңіп алыпты. Олар осы нәтижелері арқылы Алматы қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдама ұтып алды.
Аталмыш мектептің оқушылары Алматыда да ауданымыздың абыройын асқақтатады деген ойдамыз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: