Енді жаңатұрмыстықтар мен қазақтықтар да ауыз судың рахатын көреді

254 Views

Журналист болған соң, ел аралайсың, жер аралайсың. Сондай сәттерде ауыл тұрғындары тарапынан талап-тілектер де айтылып жатады. Мәселен, ілгеріректе Жаңатұрмыс ауылына барсаң, ауыз судың «жырын» айтатын. Ол мәселеге газды да қосып қойыңыз. Міне, осындай түйткілді мәселелерді жаңатұрмыстықтар кез келген жиында ашына айтатын. Құдай оңдап, Жаңатұрмысқа газ келді. Қазір бұл ауылдың тұрғындары көгілдір отынның рахатын көріп, сезініп отыр. Енді қуаныштың үстіне қуаныш қосылып отыр. Яғни, былтыр басталған ауыз су имараты мен құбыр жүргізу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов Жаңатұрмыс ауылына барып, жаңа ауыз су жүйесін іске қосты. Жаңатұрмыстықтар осы сәтті көптен күткендерін айтып, аудан басшысына алғыстарын жеткізді. Бұл пікірді аудандық мәслихаттың депутаты болған кәсіпкер Кәдірбек Құлбарақов та растап, аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Сол күні тек жаңатұрмыстықтар ғана емес, Қазақ ауылының тұрғындары да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды. Бұрындары бұл ауылға да бара қалсаңыз, жергілікті тұрғындар ауыз судан әбден теперіш көргендерін айтатын. Халық аузында «Бомбей» аталып кеткен бұл ауылдың тұрғындары үшін енді ауыз судан проблема туындамайды. Қазақ ауылына газ да келді. Ауылдағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектепке жапсарласып, қосымша пән кабинеті мен акт залы салынды. Әлгінде айтқанымыздай, мінеки, араға уақыт салып, судың да мәселесі шешілді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы Қазақ ауылына да барып, ауыз су жүйесін іске қосты. Мұнда да ізгі тілектер көптеп айтылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстан халқын 100% таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Бұл жұмыстар сол межелі тапсырманың аясында істеліп отыр.
Аудан әкімі Ернар Серік­әліұлы қос ауылдың тұрғын­дарының басқосуымен өткен ілкімді шара барысында бірлік пен татулық болса, кез келген мәселе оңтайлы жолмен шеші­летінін айтты. Сондай-ақ аудан басшысы 2025 жылға дейін өңірдің даму жоспарына сәйкес, аудандағы 42 елді мекеннің барлығын 100% ауыз сумен қамту көзделіп отырғанын жеткізді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: