Тартысты өткен турнир

176 Views

Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсіл бар. Шыны керек, осы сүбелі сөз ауданымыздың «Құрметті азаматы», қадірлі теміржолшы, бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болған Қайрат Әбдікерімұлы Терлікбаевты ойға оралтқанда еріксіз еске түседі. Оған объективті себеп те бар. Жаны жомарт, үлкенге де, кішіге де сыйлы болған ағамыз бүгінде арамызда болмаса да, ол кісінің жасаған жақсылығы ел есінде мәңгі қала бермек.
Жуырда Терлікбаевтар әулетінің мүшелері және №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қайрат Әбдікерімұлын еске алуға арналған турнир өтті. Спорттың еркін күрес түрінен өткен додаға әрісі Алматы, Семей сынды ірі қалалардан және облыстағы бірқатар спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Шарапаты мол іс-шара салтанатты түрде ашылып, оған Қайрат Әбдікерімұлының туыстары мен Луговой ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Бейсенбек Әлпейісов қатысып, сөз сөйлеп ашып берді. Ізінен дүбірлі дода басталды да кетті. Боз кілемде белдескен бүлдіршіндер барын салып, нәтижесінде үздіктер іріктеліп шықты.
Шара соңында жарыс жеңімпаздары арнайы Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жәнібек сұлтан.

Поделиться ссылкой: