Жақсымен өткен жарты сағат

202 Views

Жамбыл спортының мақтанышы, жүзуден Қазақстан Республикасының Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, еліміздің Паралимпиада құрамасының капитаны болған, әлем бойынша бірнеше халықаралық рейтинг бойынша үздік сегіз жүзушілердің қатарына кіретін, бүгінде 156 медаль және 200-ден астам грамота мен диплом иегері Зүлфия Ғабидулинаны баршаңыз білетін боларсыздар. Аты аталған паралимпиада спортшысы жуырда салауатты болашақты насихаттайтын түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында ауданға арнайы келіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және балалармен бірге үйірме сабақтарына қатысты.
Сабақ барысында үйірме қатысушыларымен және олардың ата-аналарымен жүздесіп, пайымды пікір алмасты. Атақты спортшы өз сөзінде ерекше назарды қажет ететін балаларға барынша көңіл бөлу керектігін айтып, спорттық үйірмелерден алшақтатпауды өтінді. Содан соң балалармен бірге қызықты ойын түрлерін ойнап, сан алуан әдіс-тәсіл үлгілерін көрсетті.
Жалпы соңғы кездері аудан аумағында оның ішінде Құлан ауылдық округінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт үйірмелері көптеп жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесі болуы керек, аудан намысын қорғап жүрген спортшылардың қатары да күн санап артып келеді. Олардың қатарына Мэлс Елғонов, Диас Әлібек, Өміртай Шірікбаев, Сағынәлі Рахметов, Ізбасар Құрманәлиев сынды жандарды қосуға болады.

Поделиться ссылкой: