Шоқ тілді Шона
17 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Менің есімім – Ақниет Нұрпейісова. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың есімін еншілеген аудан орталығындағы көрікті білім ошағының оқушысымын. Яғни, жас түлекпін. Мен өз тарапымнан 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің ұлағатты ұстаздарына алғыс сөзімді айтқым келеді.
Өмірдің көші адамдар үшін тоқтаған емес. Біз сол көштің керуеніндей тізіліп алға жылжып келеміз. Басымда ақ бантигім, қолымда әдемі гүлдерім бар мен, осы алып білімнің кемесіне алғаш бас сұққан күнім есімде. Жүрегімді қорқынышпен араласқан қуаныш сезімдері жайлаған еді. Қорыққаным: ешкімді танымайтын адамдар арасындамын, айналам бөтен жылаған балалар, көптеген оқулықтар, үлкен бөлмелердегі парталар. Мен осының бәрінен жатырқадым. Ал бұған дейін тек анам мен әкемнің құшағында еркелеп жүрген тұңғыш қызбын ғой. Осындай үрейлі сезімдерімді басып, құшағын ашқан алғашқы ұстаздарым Жанар Үмбеталиева, Назира Асамбаева, Айнұр Райс секілді мұғалімдерге шексіз алғысымды айтамын. Қолыма қалам ұстатып, әріптерді жаттатқызып, оң мен солымды танытқандарыңыз үшін, алғашқы жеңістерім үшін, мейірімді тілектеріңіз үшін рақмет!
Міне, бүгін тағы менде алғаш мектепке келгендегідей сезім қайта оянып тұр. Бұл жолы қорқыныштың орнына қимастық сезімі жайғасыпты. Иә, қимастық! Тарыдай болып келген біздерді таудай қылған еңбектеріңізді немен өлшесем болмақ, аяулы ұстаздар? Сіздердің арқаларыңызда талай жеңістерге жетіп, өсіппін, биіктеппін. Даладай кең пейілдеріңізге, әлемнің бар махаббаты сыйған жүректеріңізге, ағарған ақ шаштарыңызға, шырақтай көздеріңізге басымды иемін. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің барша ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін.
Ақниет Нұрпейісова,
жас түлек.