Поэзия падишасы
Алаштың азаттығы үшін бар ғұмырын күреспен өткізген зиялылардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Биыл поэзия көгінде күндей күркіреген алдаспан ақынның туылғанына – 130 жыл.Мағжанның туған халқына қызмет етуі өз замандастары сияқты ағартушылық саладан бастау алды. Ал ақынның әдебиет әлеміне белсенді араласуы оның қоғамдық, әлеуметтік, дүниетанымдық көзқарастарын өзгертті. Сөйтіп өзі жасаған саналы ғұмырында ол әдеби ағымға көптеген өзгерістер алып келді. Мағжан Жұмабаев сөз өнеріне айтулы үлес қосып, қоғам қуатының ерекше екпінін байқатты. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «артынан әдеби мектеп қалыптастырып, халқының зор сүйіспеншілігіне ие болған тұлға».
Мағжан поэзиясы – кең тынысты поэзия. Идеялық мазмұны мен тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері демократиялық бастаулармен, білім мен ғылым, қазақ мемлекеті оның болашағы мен азаттығы, теңдігі тәрізді асыл ұғымдармен астасып жатыр. Өткен ғасыр тарихына зер салатын болсақ, қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, бұл тақырыпты өлеңіне өзек еткен ақынның бірегейі де Мағжан Жұмабаев екенін аңғарамыз.
Осы мәселеге жаны қиналған Мағжан тілбұзарларға жалынды жырлары арқылы тосқауыл болды.
Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясындағы шолпан жұлдыздардың бірі. Ол артына өшпес рухани мол мұра қалдырып кетті.
Назира Тоғанбай,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультеті Web журналистика мамандығының
I курс студенті.