Жақсылықта жаңа бөбекжай-бақшасы ашылды

201 Views

Кеше аудан әкімі Ернар Есіркепов Жақсылық ауылында жаңадан ашылған «Нұр-ай» бөбекжай-бақшасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Жақсылық ауылында былтыр жаңа дәрігерлік амбулатория ашылған еді. Жұрттың сол кездегі қуанышын газет бетіне де көркемдеп жазғанбыз. Кеше де Жақсылық ауылы тұрғындарының қуанышында шек болмады. Оны жаңа бөбекжай-бақшаның ауласында емен-жарқын әңгімелесіп, «Міне, ғажап!» деп қуаныштарын жасыра алмай отырған ақсақалдардың сөзінен аңғардық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған сәулеті келісті «Нұр-ай» бөбекжай-бақшасында 75 бала тәрбиеленеді. Балабақша құрылысын «Айса груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен салған. Өйткені, сұраныс бар.
Оған Жақсылық ауылында бала саны да жеткілікті. Сондықтан бұндай бастаманы аудандық атқарушы билік өкілдері әрқашан қолдайды. Біз жаңа бөбекжай-бақшасындағы топтардың атын сұрап едік, расында да ерекше екен. «Балбөбек», «Еркетай» және «Ботақан».
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауыл тұрғындарының алдында сөз сөйлеп, жаңа бөбекжай-бақша бала тәрбиелеу ісіне ерекше серпін беретінін айтты. Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен ардагер ұстаз Анар Үсенова сөз сөйлеп, татулық пен бірлік болса, барлық мәселе оңтайлы жолмен шешілетінін сөз етті. Одан кейін аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы «Нұр-ай» бөбекжай – бақшасының лентасын салтанатты түрде қиды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: