Оның еңбегі – ұрпаққа өнеге

141 Views

Телтай Дәуітов Жалпақсазда дүниеге келгенімен, оның бар ғұмыры «Ленин» және «Қорағаты» кеңшарында өтті. Ол «Қорағаты» совхозынан шыққан жалғыз Социалистік Еңбек Ері. Телтай ақсақалдың өмірбаянын оқыған кез келген адам ең алдымен оның қайсарлығына тәнті болары анық.
Сол заматтағы көптеген жеткіншектер секілді Телтай Дәуітов те еңбекке ерте бастан араласты. Ақмола-Қаратал теміржол құрылысын салу барысында ол бар болғаны 20 жаста болатын. 1939 жылы әскер қатарына шақырылғанда кейіпкеріміз соғыс өртінің тұтанып кетерін білмеген еді. Қара жұмыста тәжірибесі әбден толысқан қарулы жігіт майдан өтінде бөлімше қомандирі болып тағайындалады. Смоленск түбіндегі шайқаста фашистік Германия әскерімен бетпе-бет кездесіп қалып, қоян-қолтық ұрысқа түскен командир Дәуітов ауыр жарақат алады. Ол жағдайы оңалған соң қолға қайта қару алып, өлкені қорғауға дайын екенін ұқтырады. Алайда, жараланған жері одан сайын асқынып, нәтижесінде елге оралуға мәжбүр болады.
Елге келген соң майдангер босқа қарап жатпай, жұрт қатарлы қызмет қылады. Алғашында Ленин атындағы асыл тұқымды қой совхозында жылқы баққан көрінеді. Содан кейін, өз ісіне адал әрі жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Телтай Дәуітовке егінжай жетекшісі болу жүктеледі. Көп өтпей ол басқарған бригада дәнді-дақыл өсіруде жоспарлы міндеттен асып түсіп, 50 гектар алқаптан 25-31 центнерден астық өндіреді. Лауазымды басшылар оның бұл еңбегін ескеріп, сол жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын омырауына таққан екен.

Поделиться ссылкой: