Қорағатыдан шыққан Азамат

85 Views

Актер, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды да осы Қорағаты ауылында туып өскен.
Студент кезімізде Азамат Сатыбалдының халықтың арасында әкем­театр аталып кеткен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында сомдаған рөлдерін талай көрдік. Ол «Сұлтан Бейбарыс» спектаклінде кейіпкер образын тамаша сомдайды. Сол мезетте актер Азамат бір мезет Бейбарыс сұлтанға айналғандай күй кешетінбіз. «Қоштасқым келмейді» спектаклінде де көрерменнің көзайымына айналды. Осы спектакльде актриса Зарина Кәрмен екеуі басты рөлді сомдайды. Зал көрерменге лық толатын. Ол дегеніңіз – спектакльдің көрермен көңілінен шыққандығы деп түйген жөн.
Азамат Сатыбалдының кинодағы образдарын айтсаңызшы. Осыдан бірер жыл бұрын экранда көрсетілген «Қара шаңырақ» сериалында да өзінің кәсіби шеберлігін көрсетті. «Армандастар» сериалында да өзіне жүктелген образды керемет сомдай білді. Режиссер Ақан Сатаевтың «Рэкетир – 2» киносында да ол сомдаған рөл көрермен көңілінен шыққаны анық.
Ал осыдан екі жыл бұрын экранда көрсетілген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін!» атты сериал да сәтті шыққан кино картиналардың бірі болды. Мұнда Азамат Сатыбалды ақын Мұқағалидың образын сомдайды. Расымен де көрермен өзінің жоғары бағасын берген туынды болды.
Азамат Сатыбалды тек театр мен кинода ғана емес, телевизия саласында да өзінің шеберлігін көрсетті. Естеріңізде болар, «Хабар» арнасынан «Таң қалмаңыз» деген бағдарлама көрсетілуші еді ғой. Міне, Азамат Сатыбалды сол бағдарламаның жүргізушісі де болған сол кезде. Одан бөлек осыдан бірер жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Қазақстан дауысы» мега жобасының да жүргізушісі болды. Оның дикциясы, сөз саптауы барлығы келісті. Содан кейін де болар, актер Азаматқа телевизия тізгінін ұстаған басшылар тарапынан көптеген ұсыныстар түседі.
Ол қазір – ректор. Сөз басында да айттық, жерлесіміз Алматы қаласындағы өнердің қара шаңырағы атанған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры. Ол өзінің кез келген сұхбатында да өзі туып өскен ауылы туралы ұдайы айтып жүреді. Өйткені, ол – Қорағатыдан шыққан Азамат қой.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: