Қойнауы құт берекеге толыҚорағаты

273 Views

Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимовпен жұмыс барысында ғана емес, жалпы өмірде де жақсы араласып тұрамыз. Уәдесін екі етпейтін жаны жайсаң азаматтың бірегейі. Жақында 85 жылдыққа орай Қорағатыдан материал әзірлейтінімді айту үшін қоңырау шалғанымда:
– Маратжан, біздің ауылдың тарихы өте тереңде жатыр. Ауылымыздан Телтай Дәуітов сынды Социалистік Еңбек Ері шыққан. Мерейлі мереке қарсаңында еңбегімен еленген абыройлы ақсақалды газет бетіне жарияласақ, артында қалған ұрпақтары қуанып қалар еді, – деген болатын. Мен келістім. Содан межелеген күнде келіп жетті. Бардық. Ауыл тарихымен танысып, көптеген мағлұмат алдық.

Бақытбек Жақсымбетұлы айтқандай, расымен де Қорағатының қойнауы құнды жәдігерлерге толы екен. Ауыл тың игеру науқаны кезінде құрылыпты. Дәлірек айтқанда, 1954 жылы. Осылайша, бұрын «Ленин» совхозының қарамағына енген Қорағаты ауылы өз алдына отау тігіп, «Қорағаты» совхозы деген жаңа статусқа ие болады. Совхоздың ең алғашқы директоры қызметіне Хаймович Лев Давыдович тағайындалады. Ауыл қарияларының пікірінше, ол сол заматтағы білгір әрі ықпалды басшылардың бірегейі болған көрінеді. Лев Давыдовичтің есімі аталған тұста директордың орынбасары әрі бас бухгалтер қызметін атқарған А.Хорченко, бас агроном Д.Кириченко және инженер М.Пакаренко секілді білікті мамандардың қатар айтылуы да заңды деп білеміз. Өйткені, бұл азаматтардың да «Қорағаты» астықты кеңшарының гүлденуіне мол үлес қосқанын көне тарих растап бере алады.
Қорағатының жері құнарлы, шөбі шүйгін. Елді мекен егін егуге де, мал бағуға да қолайлы. Оны мына детальдің өзі айғақтап тұрғандай. Мәселен, «Ленин» совхозынан бөлініп шыққанда астықты кеңшарда 20 мың бас қой, 300 жылқы, 20- 30 түйе болған деседі. 1960 жылдары бұл меже екі есеге ұлғайып, жылқы – 700, ірі қара – 1000, ал қойдың саны – 40 мыңнан асыпты. Бұл ретте Жашан Санғышев, Қынат Отарымбетов, Сейтінбет Дауылбаев, Әлім Сатаев, Әбдікерім Ақторқақов, Нүсіп Сағындықов сынды озат шопандардың зор еңбегі барын атап өткен жөн. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, тонның ішкі бауындай бірлесіп еңбек еткен берекелі бірліктің арқасында «Қорағаты» совхозы кейіннен іріленген асыл тұқымды мал өсіретін кеңшарға айналды.
Иә, тоқырау жылдары ауыл халқы біраз қиыншылықты бастан өткергені рас. Көп ғимарат қаңырап бос қалды. Тұрғындардың көбі қалаға қарай үдере көшті. Дегенмен, заман өзгеріп, бәрі де қалпына қайта енді. Бұл сөзімізді ауыл әкімі де қуаттай түсті. «Қазіргі таңда округ бойынша 1583 тұрғын тіркелген. Құдайға шүкір, ауылымыз жыл өткен сайын құлпырып келеді. Заманауи мектебіміз, көрікті әкімшілігіміз, сахнасы әсем мәдениет үйіміз бар. Міне, өзің көргендей, жаңа мешіт салынды. Ауыз су арқырап тұр. Жаңа медпункт те салынды. Газдың да мәселесі шешімін тапты», – деп түйіндеді сөзінің соңын Бақытбек Жақсымбетұлы.

Поделиться ссылкой: