Қасиетті құлан қалашығы
Халқымыздың тереңге тартқан тарих қойнауынан мұра болып жеткен әдет-ғұрып пен салт-дәстүр біздің баға жетпес асыл қазынамыз. Ата-бабалардың дәстүрін сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын рухы биік халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиетті, киелі санайды.
Орта ғасырлар кезінде Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытының Қазақстан арқылы өткен тармақтарының бойында сәулеті мен дәулеті келіскен қалалар қалыптаса бастады. Солардың ішіндегі маңызы ерекше ескерткіштердің бірі – орта ғасырлық Құлан қалашығы. Тарихы VI-XIII ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш Т.Рысқұлов ауданының орталығы – Құлан ауылының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіл әлемдік Мәдени Мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары тізіміне енгізілген.
Құлан қалашығы жайлы жазба деректер VII ғасырдан бастап кездеседі.
629-630 жылдары Ұлы Жібек жолы бойымен Шу,Талас өңірлері арқылы жүріп өткен қытай діндары Сюань Цзян өзі көрген ерте орта ғасырлық қалалар туралы құнды мәліметтер жазып қалдырған.
Ол Шу өңірінде орналасқан қалалар жайлы: «Суябтың тура батыс жағында бірнеше ондаған жекелеген қалалар орналасқан және әрқайсының өз ел ағалары бар. Олар бір-бірінен тәуелсіз болғанымен, барлығы түріктерге бағынады» – дейді. Ал, Құлан өңіріне қатысты: «Оңтүстік жиегі таулы, қалған үш жағы жазық дала. Бұл араның жері ылғалды, орманы қалың, ал түрлі – түсті гүлдері көктемгі мезгілде өрнекті жібекке ұқсайды. Бұл жерде мыңдаған бұлақтар мен өзендер ағады, мекеннің аталуы да соған байланысты. Түрік қағаны жаздың ыстығында осы жерге келіп паналайды. Онда құландардың табыны жүреді, мойындарына қоңыраулы әшекейлер байланған. Олар адамға үйренген» – деп сипаттайды. Бәлкім, қаланың Құлан аталуының бір себебі де осыған байланысты болса керек.
Араб географы Абдоллах Хордатбектің «Жолдар мен мемлекеттер» деген еңбегінде Құланды Ұлы Жібек жолымен Талас, Шу өңірлері арқылы өткен керуен жолдың бойында орналасқан сәулетті қалалардың бірі ретінде атап көрсетеді. Кудама ибн Джафардың «Салық туралы кітап» деп аталатын еңбегінде Тараз бен Құланның солтүстік жағын алып жатқан құмды алқап, ал оның арғы жағында шөлді дала қимақтар шекарасына дейін созылатындығын мәлімдейді.
Әйгілі араб географы әл-Мукаддасидің «Тұтас өңірдің бөлімшелерге бөлінуі» деп аталатын шығармасында Құлан үлкен Тараздың жолында орналасқан, бекіністі қала екендігін, онда мінәжат ететін мешіттер барын баяндайды. Якуту ал-Хамавидің «Муджам ал-булдан» атты географиялық сөздігінде Құлан туралы: «Құлан – түрік елінің Мәуреннахр тарабы шекарасында орналасқан әдемі қала» – деп сипаттама берген.
Құлан қалашығында ғылыми – зерттеу жұмыстары XIX ғасырда бастау алып, әлі күнге дейін жалғасуда. Зерттеулер нәтижесінде Құлан жергілікті түріктерге тиесілі сәулетті сарайлары бар мәдени орталық қалалардың бірі болғандығы анықталып отыр.
Қазба жұмыстары 2015, 2017, 2018 жылдары жүргізілді.
Қала қамалының көлемі шамамен 40х40 м, қаланың солтүстік бұрышында орналасқан. Қазба қамалдың солтүстік-батыс бөлігінде 15х15 м көлемде салынды. Қазба барысында X-XI ғасырлардағы сарай қалдықтары анықталды. Сарай қатты қираған, тек іздері қалған. Оның астынан монументалды ғимараттың сұлбасы көрініп тұрды. Аршу барысында Батыс-түрік қағанатының дәуірінде, VII ғасырда салынған қамалдың бір бөлігі екендігі анықталды. Қазба нәтижесінде ғимараттың 5 бөлмесі анықталды, оның үшеуі толықтай аршылып зерттелді.
Бөлмелердің бірі өте бай өрнекпен безендірілген. Қарама-қарсы қабырғаларда арка тәрізді ойықтар бар. Ойықтардың айналасы мен қабырғалар оюлы медальондардан тұратын бордюрлермен безендірілген. Әрбір медальондағы оюлар мотивтері бір-бірін қайталамайды.
Ойықтың алдында ашық ошақ орналасқан. Бұл ошақта отқа табынушылар «киелі отты» өшірмей жағып отырған. Одан шыққан күлді қасындағы сыпада арнайы орынға төгіп отырған. Бөлме қабырғаларының бойымен сыпалар салынған. «Бұл бөлме қамал жүйесіндегі ғибадатхана орны» деп болжаймыз.
Келесі бөлме көлемі жағынан үлкендеу. Оның да қабырғаларының бойымен, оларға жапсарластырып сыпалар салынған. Сыпалардың биіктігі әркелкі. Төрдегі сыпаға екі баспалдақты тепкішекпен шығатын болған. Қабырғаларда 8 шам қоятын ойықтар бар. Олардың астында, адамның бойымен шамалас биіктікте сюжетті бейнелері бар таспа жүргізілген. Бейнелерден адамдар, жануарлар, құстар мен түрлі белгілерді ажыратуға болады. Сурет алебастр сылақтың үстіне сызу арқылы салынған. Алебастр сылақ қазір түсіп қалған. Сызықтар ізі астындағы саз сылақта қалған. Адам бейнелері арасынан билеушіні, оның уәзірлері, абыз, ту ұстаған жауынгер мен аңшыны ажыратуға болады. Аң-құстардың ішінен кептер, қырғауыл, тау ешкісі мен түлкілерді атауға болады. Аталған жартасты суреттер бұрын бейнелеу өнеріне тән деп келген. Ғимаратты безендіруде пайдаланғандығы бірінші рет анықталып отыр. Бұл дегеніміз – аталған ғимаратты жергілікті шеберлер салып, безендіргендігінің дәлелі. Аталған бөлме «қамалдың салтанат бөлігі» деп отырмыз. Мұнда билеуші жиын өткізіп тұрған. Қызметшілерін дәрежесіне қарай сыпаның биік-аласа бөлігіне отырғызып, өзі тепкішекпен шығып, төрдегі таққа отырған деп болжап отырмыз.
Алдағы жылдардағы зерттеулер қамалдың қалған бөлігін аршуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сонда ғана қамалдың толық құрылымы анықталып, Қазақстан тарихында алғаш рет түркілердің құрылыс салу өнері туралы толыққанды білетін боламыз.
Серік Ақылбек, гуманитарлық ғылымдар магистрі.