Жерлестеріміз жүлдемен оралды

211 Views

Бочча – паралимпиадалық ойынның бір түрі. Бұл спорт алғаш рет 1987 жылы Грекия жерінде пайда болған. Ал Қазақстанда 2018 жылдан бері қолға алына бастаған. Соңғы кездері қарқынды түрде дамып келе жатқан бұл спорт түрімен біздің ауданның тұрғындары да жүйелі түрде айналысып келеді. Күні кеше елордасы Астанада өткен үлкен турнирде жерлестеріміздің жеткен жарқын жеңісі – жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі.
1-4 маусым аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен жарысқа еліміздің әр түкпірінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар көптеп келіп қатысты. Ересектер және балалар арасында өткен дүбірлі дода өте тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша біздің жерлестеріміз бірнеше санат бойынша жеңімпаз атанды. Мәселен, Ақмейірім Каранеева өзінің мықтылығын көрсетіп, І орынға ие болса, Ізбасар Құрманалиев пен Елдос Қази екінші орынды місе тұтты. Ал Андрей Тошнади, Інжу Байқұт, Рамазан Асхат, Аяған Оразғали сынды өр рухты спортшыларымыз үшінші орынға табан тіреді.
Айта кету керек, бұл жарыс қатысушылардың өмірге деген құлшынысын оятып қана қоймай, жеңіске жетуіне де мол септігін тигізді. Үш күнге жалғасқан сайыс тек көрермендерге ғана емес, барша қатысушыларға да көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл туралы жарыс нәтижесін қорытындылап сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мəулен Əшімбаев та айтты. Сондай-ақ, төраға өз сөзінде бұл жарыс жарқын сәттерімен, ерекше әсерімен есте қалатынын жеткізіп, әр өңірден келіп қатысқан спортшыларға шексіз алғысын білдірді.
Жеңімпаз жандарға деген ілтипат мұнымен аяқталған жоқ. Күні кеше жерлестерімізді Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров Түрксіб бекетінен арнайы күтіп алып, үлкен құрмет көрсетті. Ауыл әкімі өз сөзінде жерлестеріміз аудан мерейін үстем еткенін айтып, спорт нұсқаушысы әрі жеңімпаздардың бапкері Ануарбек Әбілдаевқа шексіз алғысын жеткізді.

Әлия ЖАНӘБІЛ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика
мамандығының 2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: