Құлан дәулетті де һәм сәулетті болуы тиіс
Құлан – тек Юнеско құрамына енген көне әрі тарихи қала ғана емес. Бүгінде ол – ауданның орталығы саналатын ауылдық округ. Былайша айтқанда, ауданның бас ауылдарының бірі. Осыған сәйкес, біз халық саны бойынша алдыңғы шепте тұрған ауылдың сәулеті де, дәулеті де келісті болуы керек деп есептейміз. Дәл қазіргі таңда ол үшін қолдан келетін барлық қам-қарекеттер тиісті деңгейде жасалуда.
Жуырда Астана қаласында өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр түрлі деңгейдегі әкімдерді белсенділікке шақырып, өздеріне бекітілген аумақты жаяу жүріп, аралау керектігін айтқан болатын. Бұл тапсырма өткен жолы аудан әкімі Ернар Есіркеповтың тарапынан Луговой ауылында орындалса, күні кеше Құлан ауылында жалғасын тапты.
Жалпы өткен жылы ауданда 145 гектар алқапқа тәтті түбір егіліп, 3,8 мың тонна қант қызылшасының өнімі жиналған болатын. Жиылған өнімнен шашау шығарылмай, барлығы дерлік зауыттарға өткізілді. Ал биылғы жоспар өте ауқымды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде биылғы жылға қант қызылшасы алқабын шаруалар 550 гектарға арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы біз газетіміздің өткен сандарында нақты жазған да болатынбыз.
Алқап аумағын кеңейту бастамасын баянды деп тапқандар қатарында «Шалқар» шаруа қожалығы да бар. Бүгінде аталмыш қожалықтың егістік алқабына ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстармен жақын танысқан аудан әкімі жауаптыларға су қорын молайту, алқаптарға тіршілік көзін кедергісіз жеткізу керектігін айтып, орталықта орналасқан Құлан агротехникалық жоғары колледжінің егістік алқаптарына да барып көрді. Бүгінде тек білім беріп қана қоймай, өз шәкірттерін бағбандыққа үйретуді көздейтін білім ордасының басшылығы биыл қант қызылшасын егіп, одан мол өнім алуды жоспарлап отыр екен.
Құланда құрылыс жұмыстары да қарқын алып келеді. Оны «Арай» тұрғын-үй алқабында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардан-ақ анық аңғаруға болады. Алғашқы пәтер кілттерін облыс басшысы Нұржан Нұржігітов өзі табыстаған үйдің бүгінде екінші нүктесіне абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ондағы жағдайды жан-жақты саралаған аудан басшысы жұмыстың сапасына, атқарылу деңгейіне ерекше мән берді.
Сапар соңында Ернар Серікәліұлы «Дендро» және салық басқармасының артында орналасқан саябақтарды да өз көзімен көріп шықты. Ондағы жарықтандыру, күтіп-ұстау бағытында жасалынып жатқан жұмыстарға зер салып, жауапты жандарға өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауды тапсырды.
Жәнібек Сұлтан.