Кеңестік дәуір: ұжымдық шаруашылық

243 Views

Луговой ауданы 1938 жылға дейін Меркі ауданының құрамында болып, Сырдария (Оңтүстік Қазақстан) облысына қарады.
1938 жылдың 9 ақпанында еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің шешімімен Меркі ауданынан бөлініп шықса, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен өз бетінше бөлек аудан болып шаңырақ көтерді.
Сол жылдың 12 наурызында аудандық партия конференциясы өтеді. Онда ұйымдық мәселе қаралып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Саудырбаев сайланады. Одан кейін көп кешікпей мамыр айында аудандық (бірінші) комсомол конференциясын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылады. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып облыстық комсомол комитетінен жіберілген Сәрсенбай Мүсеров тағайындалады. Сол жылдың 7 мамырында комсомол конференциясы шақырылып, оның жұмысы 2 күнге созылады. Ол кезде комсомол ұйымының кеңсесі қазіргі тоқыма фабрикасының орнында болатын. Қазір ол үй бұзылып кетті. Конференцияға 54 бастауыш ұйымнан 78 делегат қатысады. Конференция өз жұмысын 8 мамыр күні аяқтайды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы әрі бюро мүшесі болып Сәрсенбай Мүсеров сайланады. Сондай-ақ, бюро мүшелігіне 5 адам сайланады.
1. Мүсеров С – аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.
2. Әлімбаев И – аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы.
3. Төлепбергенов Т – аудандық халық сотының төрағасы.
4. Аманжолов – аудан прокуроры.
5. Көшкінбаева Н – «Восток» колхозы қызылша өсірушілер бригадасының бригадирі.
Тәнекеев Болысбек – аудандық комсомол комитетінің есеп секторының меңгерушілігіне тағайындалды. Ол сол кезде Сталин атындағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметінде болатын.
Конференция басталар алдындағы жалпы комсомолдар саны 1230 адам еді.
1938 жылы комсомол қатарына өткендердің ішінде Қызырәлі Ауғанбаев, Әуезхан Әміреқұлов, Өтеулі Досыбиев және басқалар болды.
Аудан құрылғанда оның құрамында 27 колхоз, 2 кеңшар және 10 ауылдық кеңес болды. Сөгеті ауылдық кеңесіне Амангелді колхозы, №2 Алғабас және Қайыңды колхоздары қарады. Подгорный ауылдық кеңесіне №1 Алғабас колхозы, Қаракемер және «Красный пахарь» колхоздары қарады. Сұлутөр ауылдық кеңесіне Бірлес, Қызылту және Өрнек колхоздары, Сазарық ауылдық кеңесіне Алғабас, Жарлысу және Талдыөзен колхоздары, Қызылшаруа ауылдық кеңесіне Қызылшаруа, Жалпақсаз, Тасшолақ колхоздары, Калинин ауылдық кеңесіне Ленин колхозы, Еңбекші ауылдық Кеңесіне Көкарық және Еңбекші колхоздары, Жаңатұрмыс ауылдық кеңесіне Казақ және Сазқұдық колхоздары, Ақыртөбе ауылдық кеңесіне №2 Көкарық, Мақпал, Тереңөзек, «Қазақ ССР-ына 30 жыл» және Шолаққайыңды колхоздары қараса, Тельман ауылдық кеңесі құрамына Октябрьшаруа мен Э.Тельман колхоздары кірді.
Сол кезде аудан халқына 10 төсектік аурухана, 8 медпункт, 5 кітапхана, 13 қызыл бұрыш, 2 дүкен және 2 дүңгіршек қызмет етті. Сонымен қатар, 2186 оқушы оқыған 25 бастауыш мектеп, 486 оқушыны қамтыған екі орталау мектеп болды. Луговой кентінде бір орта мектеп, бір клуб бар еді. Сонымен қатар, ауыл клубтары «Восток» «Путь к коммунизму» және «Ленин» асыл тұқымды қой совхозында да жұмыс істеп тұрды. Аудан құрылған жылы, яғни 1938 жылы ауданда небәрі 13464 гектар егістік жер, 44939 бас қой, 1980 ешкі, 164 түйе, 2900 жылқы және 1244 шошқа бар еді. Ауданның экономикасын көтеруге аудан халқы бір кісідей жұмылды. Луговой МТС-і шаруашылықтардың жерін айдап, өңдеп, одан алынған өнімді шашпай-төкпей жинап алуға көмектесетін. 1939 жылы Ақыртөбе МТС-і ашылды. Оның бірінші директоры болып Мельниченко, одан кейін станцияны он төрт жыл қатарынан Қали Мұсаев басқарды, ұжымның саяси бөліміне Б.Есентаев басшылық етті. Осы МТС-тер колхоз экономикасының өсуіне едәуір септігін тигізді. Аудан басшыларының ұйытқы болуымен ауылшаруашылық дақылдарынан мол өнім алудың агротехникалық жоспарлары жасалды. Егістік жер звеноларға, әрбір колхозшыға бөлініп берілді. Әр учаскіде, әр бригадада және жеке колхозшылар арасында социалистік жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталатын болды. Осындай тәсіл ауыл еңбеккерлерін одан сайын еңбекке құлшындыра түсті.
1940 жылы аудандық партия конференциясы өтіп, бірінші хатшылыққа А.И.Кулешов сайланады. Сол жылдың қыркүйек айында комсомолдың екінші конференциясында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Арыстан Өтеулин сайланды.
Бүкілодақтық Лениндік комсомол жастар Одағының Орталық комитетінің шешіміне сәйкес сол жылы комсомол аппаратының құрамына өзгеріс енгізіліп, аппаратта комсомол комитетінің бірінші хатшысы мен есеп секторының меңгерушісі қызметтері ғана қалды.
1940-1942 жылдары бұл қызметте алғашында А.Болысбеков, кейіннен Өтеулі Досыбиев істеді. Бюро мүшелері 5 адамнан сайланып, оған аудандық милиция бастығы Н.Шоқытбаев, аудандық білім беру бөлімінің менгерушісі Тасыбаев және колхоз бен мекеме бастауыш ұйымының хатшылары енді.
Комсомол конференциясы болар алдында 63 бастауыш ұйымда 1743 комсомол болды.
1940 жылғы бастауыш комсомол ұйымының құрамы төмендегідей құрамда болды: транспорт бойынша – 12, мекемелерде – 7, совхозда – 2, колхозда – 30, МТС-2, аудан мектептерінде 10 бастауыш ұйымы жұмыс істеді. Комсомол ұйымының рөлі, беделі халық арасында өте күшті еді. Олар ауылда сауатсыздықты жою жұмыстарын қолға алды. Оқуды жұмыс басында, түскі үзіліс кезінде өткізді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Құлан өңірінің ер азаматтары да майданға аттанып, Отанды жаудан қорғау жолында ерлікпен шайқасты. Соғыстан кейінгі бес жылдықтар тұсында аудан еңбеккерлері жоспарлы экономикаға сәйкес социалистік жарыстың алғы шебінен көріне білді. Мыңғыртып мал өсірді, селдетіп сүт сауды, миллион пұттап дән бастырды. Осы жылдары Құлан өңірінен «Қорағаты», «Подгорный», «Ленин» мемлекеттік асыл тұқымды қой совхозы секілді тыңға түрең салған жаңа шаруашылықтар шаңырақ көтерді. Ауданнан 21 Социалистік Еңбек Ері шығып, есімдері одаққа мәлім болды. Аудан жұртшылығы Тәуелсіздіктің арайлы таңын кең байтақ Республикамыздың барша халықтары секілді ерекше қуанышпен қарсы алды.

Мақала «Жаңғырған өңір» кітабынан алынды.

Поделиться ссылкой: