Ас атасы – нан
Бастауыш мектепте оқып жүрген кезімізде:
– Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып, қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар, – деген өлең жолдарын жаттап едік қой. Міне, қазір студент болсақ та, бала кезде жаттаған сол өлеңнің мәтіні әлі күнге дейін сана көгінен шыққан емес.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ата-апаларымыз егіс алқаптарында бел жазбай еңбек етті. Оның шет жағасын естідік те. Үйдегі шиеттей балалар бір таба нанды бөліп жеп, ер жетті. Сондықтан қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген ата-бабаларымыз өскелең ұрпаққа ас атасын қадірлеуді өсиет етті. Ал қазір ше? Өзім құралпы жастардың арасында барлығы демеймін, тоқтықтан мастанып жерге сыймай жүргендер жоқ дей алмаймын, өкінішке орай. Айталық, қазақша айтқанда, тәтті тағамның жайын алайық. Көпшілігіміз торт деп жатамыз. Сол тәтті тағамды бір адамның туған күні болса, соның бетіне жағатын әдет шықты ғой, қазір. Әлеуметтік желіден көрсеңіз, мысал мыңдап келтіруге болады ол жайтқа. Торт та – нан емес пе?.. Нанды осылай мазақ етуге бола ма? Әрине, ол дұрыс емес.
Африка құрлығында бір үзім нан таппай, аштықтың зардабын тартып отырған халықтар бар. Ал, біздің қылық әлгіндей. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегеннің анық мысалы осы мінеки, ардақты ағайын! Сондықтан ойланғанымыз абзал.
Әлия Жанәбіл,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Журналистика
мамандығының 2 курс студенті.