Бір кем дүние

182 Views

Ұлттық рух

«Жаһандану! Жаһандану!» деп жалаулатқан ұран сияқты үндер үдей түскен заман.
Жалаулатқан жаһанданудың ар жағында не бар?
Үңіліп қарайын десем, бойым жетпейді. Ойым да жетпейді.
Мен білсем, бұл Жаратқан Құдіреттің әміріне кәпірстан – қарсылық.
Жаратқан Құдірет Табиғатты сан алуан етіп жаратты. Гүлдерге қараңызшы: сан алуан қызыл, жасыл, сары, көк… Шұғыла-кемпірқосаққа қараңызшы: бояулардың сан түрі бар. Жан-жануар, аң құстар ше?.. Әрқайсының өз үні, өз тілі бар.
Бәрін біркелкі, бір-бір қалыптан шығарамын десе, Құдайдың Құдіреті жетпей қалған жоқ шығар.
Адамдар да сондай. Әр ұлттың өз тілі бар.
Ал енді Жаһандану деген «жаңа Құдайды» қолдан жасап алып, адамдар бір-ақ тілде сөйлемекші ме?
Күні кеше ғана болған сондай бір сорақы талап шығып, Советтер Одағы деген елде барлық ұлттарды бір-ақ тілде, орыс тілінде сөйлетпекші болған.
Құдай сақтап, ол Одақ тарады да, әр ұлт өз тілінде сөйлеуге еркіндік алды-ау!
Бірақ қатерлі кесел атпен келіп, жаяу қайтатын көрінеді. Орысша болып кеткен тіл әсіресе кеңселерде, үкіметте, парламентте, министрлікте әлі сіресіп тұр.
Арктиканың мұзы сияқты десе де, Мұзды мұхит та еритін көрінеді.
«Ана тілі» атты газет таяудағы бір нөмірінде елден сүйінші сұрап: «Алқа мәжілісі қазақша өтті» – деп айқайлайды. Бірақ артынша «Алайда мемлекеттік тіл биліктің күнделікті ең маңызды міндетіне айналмай отыр», – деп сыбырлады. Бұған да шүкір.
Сірә, қатерлі ауру батпандап кіріп, мысқалдап, грамдап шығатын шығар.
Бір кем дүние.

Елдібай – Либай – Ли Бо

«Егеменнің» кешегі, 5 ақпанда шыққан санында «Қытайды қайран қалдырған қандасымыз Елдібай ақын туралы не білеміз?» деген тақырыппен Мұхтархан Оразбайдың үлкен мақаласы жарияланды.
Материалды оқып шыққаннан кейін, бір кезде көне қытай поэзиясын оқығаным есіме түсті. Сол жинақтың ішінде Елдібай – Либай ақын өлеңдері бар сияқты еді-ау деген мазалай берді. Ақыры, 1956 жылы Москвада басылып шыққан әлгі жинақты жат та кеп іздейін.
Таптым. Бірақ онда Елдібай – Либай жоқ, Ли Бо бар екен. Туған жылы 701 деп тұр. Бұл мақалада айтылған жылмен дәл келеді. Дүниеден өткен кезі де Мұхтархан туындысында көрсетілген датамен бірдей – 762 жыл. Ал Елдібай – Либайдың қытай тілінде Ли Бо болып кетуі әбден мүмкін. Өлеңдерінің сипаты газетте жарияланған мақалада келтірген мысалдармен сарындас.
Осы арқылы айтпағым: көне заманда өмір сүріп, қытай классиктерінің қатарында жүрген қандас бабамыздың өлеңдерін өз ұрпақтары қазақша оқыса, Құдай тілекті бергені емес пе?! Білсін, әлем қазақ тегінің ұлылары қайда жатқанын.
Өнер – ұзақ,
Өмір – қысқа.
Azt longo,
Vita vrevis.
Искуство долговечно,
Жизнь коротка.
«Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой» (Мұхтар Әуезов дәптері).

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: