ОН МЫҢНАН АСТАМ АДАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ЖАУАПТЫМЫН

196 Views

Дулат Шырынбаев – Луговой ауылына жауапты учаскелік полиция инспекторы. Құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі – 17 жыл.
Дулатты біз көптен бері танимыз. Ол «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсете алатын жандардың бірі. Ізденімпаз, кез келген жанмен тіл табыса білетін қабілеті тағы бар. Жүйелі атқарған қызметі үшін ол министрліктің, облыс және аудан әкімдігінің тарапынан талай рет марапатталған.
Дулат 2003 жылы Максим Горький атындағы орта мектепті тәмамдап, 2004-2006 жылдар аралығында әскери міндетін Қапшағай қаласында өтеген. Әскерден оралғаннан соң, бірден құқық қорғау саласына қызметке орналасады. Еңбек жолын Меркі аудан­дық полиция бөлімі­нің күзет қызметінде бастап, 2012 жылы аудандық полиция бөліміне қарасты Луговой ауылындағы бөлімшеге учаскелік полиция инспекторы болып ауысады. Содан бері міне, осы күнге дейін аталмыш ауылда табан аудармай, қызмет етіп келеді.
– Учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аумаққа әрқашанда жауапты. Айта кетейін, дәл қазіргі таңда Луговой ауылында 10000-нан астам тұрғын бар. Олардың қауіпсіздігін үш бірдей инспектор қадағалайды. Біздің басты міндетіміз– тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, – дейді тәжірибелі инспектор.

22800 ЖАСӨСПІРІММЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙМЫЗҚуаныш Жүнісовтың атқаратын қызметі жауапты әрі маңызды. Өйткені, ол – ел ертеңі саналатын жасөспірімдермен ұдайы тығыз байланыста. Олардың қауіпсіздігі, зиянды әдеттерден аулақ болуын қадағалайтын Қуаныш құқық қорғау саласына осыдан 3-4 жыл бұрын келген болатын. Алғашында ол айдауыл тобында қызмет етсе, 3-4 айдан соң ювеналды полиция қатарына қабылданады.
– Біздің бөлімде аға инспекторды санағанда 5 адам қызмет етеміз. Әрқайсымызға аудандағы білім бөліміне қарасты мектептер бөлініп берілген. Мәселен, мен 7 мектеп оқушыларының тәртібіне жауаптымын. Бала біздің басты байлығымыз емес пе? Сондықтан да, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – менің басты міндетім, – деп ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары аудандағы 22800 жасөспіріммен тығыз жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Соңғы кездері ата-аналармен жұмысты жаңаша жандандырудамыз. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтып отырмыз. Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлері және білім бөлімінің мамандарымен арнайы рейдтерге де шығып тұрамыз. Бұл баянды бастамалар құқықбұзушылықты азайтуға өз септігін тигізуде, – деген кейіпкеріміз әңгімелесу барысында өз жұмысының жүйесімен де бөлісті.

Алло, аудандық полиция бөлімі тыңдап тұр!

Суретте: Аудандық полиция бөлімінің аға кезекші инспекторы, полиция майоры Азиз Ушуровтың мекемеге соғылған қоңырауға жауап беріп тұрған сәті. Оның айтуынша, күніне аудандық полиция бөліміне тұрғындар тарапынан 10-15 шамасында қоңыраулар келіп түседі. Оның басым бөлігі отбасылық жанжалдарға және жол көлік оқиғаларына байланысты болады екен.

Бетті дайындаған Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: