ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖАН-ЖАҚТЫ БОЛУЫ ТИІС
Қайсар Сүлеймен,
аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары:
Қайсар Сүлеймен – Қорағаты ауылынан шыққан азамат. Бүгінде ол аудандық полиция бөлімінде басшы орынбасары қызметін лайықты түрде атқарып келеді. Аудандық құқық қорғау саласына қарасты бөлімшелердің басым бөлігіне жетекшілік ететін азаматтан біз сұхбат алып көрдік. Соны қаз-қалпында назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
– Қайсар Бақытжанұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын жақын танысудан бастасақ…
– Мен Қайсар Бақытжанұлы Сүлеймен 1984 жылы Қорағаты ауылында дүниеге келдім. Мектепті аяқтай салысымен-ақ, әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтегеннен кейін Тараз қаласындағы ТарГУ-ге оқуға түсіп, төрт жылдан кейін «Құқықтану» мамандығын бітіріп шықтым. 2009 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін.
– Естуімізше, аудандық полиция бөліміне қарасты бөлімшелердің басым бөлігіне жетекшілік етеді екенсіз. Жұмысыңыз аса қатты ауыр емес пе?
– Біріншіден, жұмыстың оңайы жоқ деп есептеймін. Сапалы кадр болса, кез келген қиын істі еңсеруге болады. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсіл бар. Меніңше, алдымыздан шыққан мәселелердің барлығы осы ұжымның ұйысып еңбек етуі, бірлесе жұмыс істей білуінің арқасында еңсеріліп келеді. Екіншіден, иә рас, аудандық полиция бөлімінде тоқсаннан астам қызметкер бар болса, соның алпысқа жуығының міндеті менімен тікелей байланысты. Олардың қатарында учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция және жол патрульдік полициясы сынды бөлімшелер бар. Сондай-ақ, бұл тізімге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, көші-қон, табиғатты қорғау, жол техникалық қызметі сынды салаларды да қосуға болады.
– Сіз өз сөзіңізде сапалы кадр туралы ой қозғадыңыз. Айтыңызшы… Жалпы қазіргі таңда құқық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-тәжірибелер қолға алынуда?
– Орынды сұрақ. Менің ұғымымда полиция қызметкері жан-жақты болуы тиіс. Ол үшін әрине, қызметкер білімді болуы шарт. Бұл – бір. Екіншіден, біз қызметкерлердің білікті де білімді болуы үшін барынша жағдай жасауға тырысамыз. Мәселен, оқуды жаңа аяқтаған жас маман жаңадан жұмысқа орналасты делік. Біз оған ең әуелі тәлімгер тағайындаймыз. Тәлімгер оған жан-жақты көмектесіп, жұмыстың барысымен толыққанды таныстырады. Бұл үрдіс маман толық дайын болғанша жалғасады. Екіншіден, жауапты саланың қыр-сырын жетік меңгеру үшін біз қызметкерлерімізді әр түрлі курстарға жіберіп отырамыз. Онда оған өзге өңірлерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады.
– Құптарлық бастамалар екен. Тәжірибе алмасу демекші… Жуырда аудан аумағында үлкен іс-шара өткізілді. «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шарасына көрші аудандардан әріптестеріңіз келіп, кең көлемде жұмыс жасалды. Бұндай бастамалар қаншалықты нәтиже береді?
– Дұрыс айтасыз. Ағымдағы жылдың 8-9 маусым аралығында аудан аумағындағы көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіпті сақтау, қылмыстарды ескерту және олардың жолын кесу үшін Жамбыл облысы Полиция Департаментінің Криминалдық полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызметі, Әкімшілік полиция басқармаларының, Полиция Департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы, Патрульдік полиция батальоны, Жамбыл, Меркі және Байзақ аудандарына қарасты полиция бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – аудан аумағында қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыс әрі құқық- бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу. Шынымды айтсам, аталмыш шара өз нәтижесін берді. Екі күнге созылған акцияда түрлі құқықбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
– Қайсар Бақытжанұлы соңғы қорытынды сауал болсын. Құқық қорғау саласында қызмет еткім келеді деген жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Жалпы «құқық қорғау саласында еңбек етемін» деген жандарға ең алдымен жауапкершілік керек. Ол өзін қандай ортаға түсетінін, қандай іспен айналысатынын алдын ала бағамдауы тиіс. Сондай-ақ, тәртіпті әрі білімді болғаны абзал.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!