ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖҮРСЕ, ТҰРМЫС ТҮЗЕЛЕДІ

203 Views

Өткен аптада Ш.Атабаев төрағалық ететін аудандық қоғамдық кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Оған кеңес мүшелерінен бөлек аудан экімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес алдымен аудандық түрғын үй, коммуналдық-шаруашылық жолаушылар көлігі жэне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Абдрахманов өткен жылы атқарған жұмыстарын егжей- тегжейіне дейін айтып шықты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы атқарылуы тиіс жұмыстарының да жәй-жапсарымен таныстық. Бағамдап қарасаңыз қыруар жұмыстар атқарылган секілді. Соған қарамастан сала басшысының есебіне Қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілі тола қойған жоқ. Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің қант қызылшасын өсіруге қатысты ұйымдастыру жұмыстарына арналды. Қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшысы Т.Биғазиевтің жұмысына да, «ҚазСуШар» РМК Құлан өндірістік бөлімшесінің басшысы Б.Шалданбаевтың есебіне де қанағаттана қоймады. Бір ғана мысал, жеке кәсіпкер Б.Ілебаев 200 гектар алқапқа қант қызылшасын сепкенін, алайда, ұңғымалар жұмыс істемей қалған жағдайда тау суы толық жетпейтінін сөз етті. Қоғамдық кеңес мүшесі Р.Әбдіқадыров қант қызылшасының вегетациясы 180 күн, сондықтан да күтіп- баптау, қопсыту, арам шөптен тазарту жұмыстары суарумен қатар жүруі тиіс екенін айтып, бұл жұмыстардың өз деңгейінде жүруі үшін өзара тексерістер жүргізуге шақырды. Қант қызылшасын өндіруде олқылықтардың көп екенін С.Дәлібаева да жасырмады. Оның айтуынша өнімді өткізген соң 60 күнде ақша түсуі тиіс екен. Алайда, бұл талап орындалмайтын көрінеді. Суббсидия уақтылы берілмеген соң шаруалар шығынға батып, кейбірі алған кредиттерін жаба алмай қалатынын ашып айтты. Ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысын зерделеген қоғамдық кеңес мүшесі Н.Сансызбаевтың хабарламасынан да ауылшаруашылығы саласында көп кемшілік бар екенін бағамдадық. Әсіресе, қант қызылшасын уақтылы егуде, оған қажетті су мөлшерін беруде, суға кететін шығынды есептеуде ауыл шаруашылығы бөлімі өз жұмысын толық білмейтіні аңғарылды. Айталық, 2022 жылдың 1 тамызынан бастап шаруа қожалықтар үшін қосымша қүн салығынсыз бір текше метр су бағасы 0,62 теңге болып белгіленсе, дәнді дақылдар мен көп жылдық шөптің әр гектарына 700 текше метр су, жүгері, қант қызылшасына 1000 текше метр су берілуі тиіс. Сонда қосымша құн салығы, су пайдаланушылар ассосациясының, болмаса ауыл мұрабтарының жалақысын қоса есептегенде 1 гектар қант қызылшасына 1000 текше метр су үшін 1000 теңгеден аспауы керек.
Сонымен қатар, ауыл шаруа­шылығында алаңдатарлық жағдай қалып­тасып келеді. Үлкен егіс алқаптарының жеке тұлғаларға берілуіне байланысты ауыспалы егіс жүйесін қолдану мүмкін болмай, дәнді-дақыл екі танаптық жүйеге ауысып отыр. Бұл дегеніңіз топырақ кұрамындағы қарашірік (Гумус) құрамын азайтып, біраз жылда егістік танап жарамсыз болып, айналымнан шығады. Осы себеппен 1986 жылы 20000 гектар егістік жер жайылым категориясына ауыстырылған. Бақылаудың жоқтығынан осы жерлер әлі себіліп келеді.
Облыстағы ғылыми негізделген рекомендация бойынша егістік құрылымының 60 пайызы дәнді-дақылдар, 20 пайызы пар, 14 пайызы көп жылдық шөп, 3 пайызы бау-бақша, қалғаны көкөніс, тағы басқа дақылдар болуы керек.
Өкінішке орай, 1980 жылдары жыл сайын 35-40 мың гектар көп жылдық шөп егілетін болса, қазір егістік құрылымында жоңышқа жоқтың қасы. Жер бөлімінің есебі бойынша 202 гектар ғана жоңышқа бар. Бұл топырақта органикалық қалдықтар азайып, топырақ құнарының төмендеуіне әкелері сөзсіз. Соңғы жылдары дәнді-дақылдарды орып алған соң сабанды тайлап буып, қалған бидай сабағын тырмалап алып қағаз өндірісіне жарататын болдық.
Ауыспалы егіс жүйесінде көп жылдық шөп үлесін ұлғайтпай, қант қызылшасының өнімін көтеру мүмкіндігі азаяды. Міне, осындай мәселерді шаруаларға дұрыс түсіндіріп, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алса шаруалар тұрмысын түзеп алар еді.
Жиын соңында қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев: — Аталған кемшіліктердің барлығы атқарылған қыруар жұмыстарға қарамастан атқарушы билікті дәрменсіз етіп көрсетеді. Жұмысты мойынға алған соң ешқашан да ел сеніміне селкеу түсірмеу керек. Егер жұмыс жүйелі жүрсе бұндай кемшіліктер орын алмас еді, — деп кемшіліксіз қызмет етуге шақырды.Осындай сын-ескертпелерді естіген бөлім басшылары кемшіліктердің барын мойындап, алдағы уақытта сын-ескертпелерді ескеріп, олқылықты қалпына келтіретіндерін жеткізді. Қабылданған шешімнің орындалуына бақылау жасау мақсатында қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссиясына 2023 жылдың желтоқсан айында аудан әкімінің орынбасары Е.Еспеновтың осы жұмыстарды атқару жөніндегі есебін тыңдау ұсынылды.

Ж.МӘТКЕРІМОВ,
аудандық Қоғамдық кеңестің хатшысы, ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері.

Поделиться ссылкой: