Аружан – күміс жүлдегер
Дәурен Әбдікерім басшылық жасайтын №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері талай байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, ауданымыздың атын асқақтатып жүр. Осы спорт мектебінде Есдәулет Құрмантаевтың қол астында жаттығып, Қазақстан чемпионы болған Аружан Бахытбек күні кеше ғана Италия елінде өткен халықаралық жарыстардың бірінде жүлделі ІІ орынға ие болыпты.
Бізге бұл ақжолтай хабарды жаттықтырушы Есдәулет Құрмантаев айтты. Аружанның жетістігін біз газетте сан мәрте жазғанбыз. Қазір Аружан бокстан жасөспірімдер арасындағы ұлттық құраманың мүшесі. Ол Италиядағы жарыста өз категориясында ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Жай жұдырықтасып қойған жоқ, жүлделі II орынға ие болып қайтты.
Есдәулет Құрмантаевтың айтуынша, осы жылдың қазан айында Дубай қаласында Азия чемпионаты өтетін көрінеді. Аружанымыз ол жарысқа да қатысады. Жұдырығы жуан жасөспірім Аружанымызға Азия чемпионатында да сәттілік серік болсын дейміз.
Марат Жолдасбекұлы.