ең күшті қаруымыз – Отанға деген сүйіспеншілік

343 Views

Тәуелсіздік. Құлаққа қандай жағымды естіледі. Ал, осы қастерлі сөзді болашақ ұрпақ сезінсін деп, қаншама бабаларымыз жанқиярлық танытып, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Керей хан халықтың қамын күйттеп, Жәнібек хан жігерлілік танытып, Қасым хан қайсарлықпен шайқасты. Алаш үшін алысқан, Еділ үшін шабысқан, қол астында бүкіл қазақ табысқан тәуекелшіл Тәуке, сұсты да айбынды Абылай, құбыла көшкен байтақтың ордасындай, темір жұмсап оқ атқан қорғасындай болған батыр бабаларымыз Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, егеулі найза қолға алып, халқы үшін басын тауға да, тасқа да соққан ер бабамыз Махамбет, қазақты еміреніп сүйіп өткен, зар заманның өртіне күйіп өткен Алаштың ардақты ұлдары Ахмет, Міржақып, Әлихан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Бейімбет… Осы тұлғалардың барлығы дерлік заманында азуы алты қарыс ілгері мемлекеттің бірі болған, бүгінде аты мен заты картада да жоқ Жоңғар елі болсын, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген астарлы саясат жүргізіп, қазақ ұлтын әлсіретуге қомақты күш жұмсаған қылышынан қан тамған Қызыл империямен болсын, қазақтың тәуелсіздігі мен болашағы жолында аянбай күресіп бақты. Мақсат – біреу. Өз алдына іргесі берік дербес ел атану. Бәрі де азаттықты аңсады. «Қазақ елі» болуды мұрат етті. Бірақ өкінішке орай, дана бабаларымыз үшін тәуелсіздік арман болып қалды. Мінеки, біздер, яғни бүгінгі ұрпақ ғасырлар тоғысындағы сол арман болған тәуелсіздіктің тәтті самалын сездік, көрдік.
Қалай десек те, Азаттық қазаққа оңай келген жоқ. Бүгінгі мамыражай тірлікті, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көру үшін күллі Қазақ даласының қаһарман ұлдары қаншама рет айқасқанын, отқа да, суға да түскенін сөз басында атап өттік. Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойлансақ, бұл – туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі зерделі ойы болуы тиіс деп пайымдаймыз.
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деген батыр Бауыржан Момышұлының даналы сөзі тасжүрек адамның өзін елітпей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Баукең айтқандай, Отаннан, Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ жер бетінде.
Біз ауызбіршілігі жарасқан, Көк Туы көгілдір аспанда қалықтаған, тәуелсіздігі тұғырлы, ынтымағы күллі жер жүзіне үлгі болған кең даласы бар байтақ елміз. Әлемде қаншама ұлт тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүр. Осыны ескеріп, кең ауқымда қарайтын болсақ, біз бақытты да бақуатты халықпыз. Ендігі жерде білекке-білек, тілекке-тілек қосып, абыройлы да адал еңбек ете алсақ, ескен желдей, аққан селдей өтіп жатқан жылдар еншісінде қазақтың елдігі мен Тәуелсіздігі баянды әрі ғұмырлы боларына бек сеніммен қарауға болады.
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: