тәрбие басы – тіл

417 Views

Редакциядан: тіл туралы нақыл сөздер өте көп. Біз де газет бетінде арагідік сондай нақыл сөздерді жариялап тұрамыз. Осы жолы Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің штаттан тыс оқытушысы Бекзат Жайлаубаева жинақтаған сүбелі сөздерді газет бетіне жариялауды жөн санадық.

Тіл – қылыштан да өткір.
Ақыл көркі – тіл,
Тілдің көркі – сөз.
Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл.
Көрінеді тілден түйсік, білім де,
Біле білсең жарылқаушы – тілің де.

Білімсіздер тіліне берік болсын,
Білімдінің тіліне ерік болсын.
Тіл мен сөз көңілдің айнасы.
Адамға екі нәрсе тіректегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі.

Игі істің басы – тіл.
Сөздің бәрін тыңда, керегін ал.
Ақынның тілі – қылыштан өткір, қылдан жіңішке.
Көп сөйлемей азбен келтір иінін,
Бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін.
Жүсіп Баласағұн.

«Бірталай қызметкерлер, олардың үй-іші кейде, тіпті қазақ әдебиетін, ол әдебиеттің көрнекі нұсқаларын орысша аударылған түрде ғана оқиды. Осындай оқушының бар екені даусыз. Әрине, бұл жәй ол адамдар үшін сорлылық».
«…Жазушы өз дәуіріндегі қазақ әдебиетінің тілін өсіру, саралау, көріктеу, шеберлендіру жөнінде міндеткер».
Елділіктің негізгі белгісі – тілінде. Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Тілді ешкімге түрткілетпеуіміз керек.
Ғабит Мүсірепов.

Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз.
Ахмет Байтұрсынұлы.

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.
Жүсіпбек Аймауытұлы.

Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Асан қайғы.

Тіл өнері – дертпен тең.
Абай Құнанбайұлы.

Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екі талай.
Өзге ұлттың тілін, дәстүрін білмей оның жанын, арманын түсіну, сеніміне, құрметіне бөленуі мүмкін.
Бауыржан Момышұлы.
Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.
Мұхтар Әуезов.

Әкемнің құты,
Анамның сүті –
Сіңірген тұла бойыма.
Бар асылын халықтың,
Қазақтың ұлы тарихын,
Құйған сана ойыма –
Туған тілім өркенде,
Бола бер күшті, көркем де!
Сәбит МұҚанов.

Сүйемін туған тілді – ана тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім!
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Тәрбие басы – тіл.
Махмуд Қашқари.

Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ.
Бұқар жырау.

«Тiл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни, ол ұлт бүтiндей өлген, жоғалған ұлт болады»
Ғұмар Қараш.

«Тiлсiз ұлт, тiлiнен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшiн бiрiншi шарт – тiлi болу. Ұлттың тiлi кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетедi. Ұлтқа тiлiнен қымбат нәрсе болмасқа тиiстi».
Мағжан Жұмабаев.

Сөзімді түйіндей келе, халқымыздың сан жағынан көбейіп, сана-сезімі кемелденіп келе жатқан заманымызда тіліміздің қадір-қасиетін білуіміз керек. Сондықтан жас буынды ұлттық құндылыққа баулып, ана тіліміздің жылдан-жылға көркеюіне атсалысу басты міндетіміз деп білсек керек-ті.

Б.Жайлаубаева,
Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің штаттан тыс оқытушысы.

Поделиться ссылкой: