Облыс әкімі жолдарды күтіп-ұстау бойынша сылбыр жұмыстарды сынға алды

177 Views

Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайызды құрайды. Ағымдағы жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу көзделуде.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Биыл бөлінген қаржылар есебінен 3,3 шақырым жолды құрылыспен, 11,4 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған.
Дегенмен, аймақ басшысы сала­дағы мәселелердің де аз еместігін баса айтып, басқосу барысында тиісті тұлғалардан жауаптар алды.
Алдымен, облыс бойынша көлікті бақылау инспекциясының басшысы Досжан Мырқалықов есеп берді. Ол осы жылдың алты айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 317 автокөлік құралы тексерілгенін жет­кізді. Сондай-ақ, 444 әкімшілік хаттама толты­рылып, 49222,1 мың теңге айып­пұл салынып, жергілікті бюджетке 36010,6 мың теңге өндірілгенін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, карьер автокөліктерін тексеру, техникалық байқау орталық­тарының жұмысы, теміржол көлігін­де­гі бақылау бойынша да ақпараттар айтылды.
Облыс әкімі облыстық маңызы бар жолдармен жүк көліктерінің рұқсат етілген мөлшерден асырып жүк тасуы тоқтамай отырғандығын, соның салдарынан тас жолдар бүлініп, бюджет қаражатына қосымша салмақ түсіп, автокөлік жүргізушілерінің наразылығы туып отырғандығын сынға алды. Бұл тұрғыда аймақ басшысы айыппұл салу көрсеткішінің көңілден шықпайтындығына айрықша тоқталды.
Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда көлікті бақылау бекеттері жұмыс жүргізбейтіндігін де мысалға алып, себебін сұрады.
Аймақ басшысы, облыстық маңызы бар автожолдарға жүргізілген талдаудың қорытындысы ойдағыдай еместігін атап өтті.
Келесі кезекте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облысы бойынша фи­лиалының директоры Айжан Туғанова­ның есебі тыңдалды. Оның ай­туынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар авто­мо­биль жолдарының жалпы ұзындығы 1198,5 шақырымды құрайды десек, бүгінде ұзын­дығы 413 шақырым болатын авто­жол учаскелерінде қайта жаңарту жұмыс­тары жүруде. Жобалар кезең-кезеңімен аяқталып, пайдалануға берілуде.
Аймақ басшысы жол жамылғы­ларын­дағы ақаулардың аз еместігін жасырмай, кейбір жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігін ескертті.
– Басты талап – жол жөндеу жұмыс­тарына бақылауды күшейтіп, сапаның сақта­луын қатаң қадағалау. Бұл тұрғыда тұрғын­дардың шағымы мен талабы орынды. Әрбіріміз, өз міндетімізге аса жауап­кершілікпен қарауға тиіспіз.
Ауылішілік жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жобалау кезінде жаяу жүргіншілер жолын да назардан тыс қалдыр­маңыздар. Жол жөндеу кезінде сол көшедегі жұмыстар ке­шенді түрде ойластырылып, атқарылуы тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары бо­йын­­ша облыстық көрсеткіштің жақ­сы еместігін тілге тиек еткен облыс әкімі қажетті аумақтарда полиция депар­та­ментімен бірлесіп жол белгілерін орнату­дың маңыздылығын жеткізді.
Жиын қорытындысымен облыс­тық маңызы бар жолдарда тиісті дең­гейде көліктік бақылау шараларын жүргізу, республикалық маңызы бар авто­жолдардың бойына мал шығып кетуі­нің алдын алу үшін қоршаулар ор­нату жұмыстарын жалғастыру, респуб­ли­ка­лық маңызы бар автожолдардың жол жабын­дысындағы барлық ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру, жол бойында қоқыс тазарту жұмыс­тарының күнделікті жүргізілуін қам­тамасыз ету бойынша жауаптыларға нақ­ты міндеттер жүктелді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: