Абай – абзалдықтың аңдатпасы, ақындықтың әліппесі

173 Views

Адамгершілік – ар мен ұяттың, мінез бен білімнің, ізгілік пен мейірімнің тоғысуы. Ал адамның ішкі жан дүниесіндегі адамгершілік деп аталатын осы құндылықтың туын түсірмей, қадірін арттыратын басты құрал – рухани тәрбие. Жақсылыққа жол салған рухани тәрбие бойдағы ең ізгі қасиеттердің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Кемшіліктен арылтып, кемелділікке бір табан жақындатады. Әрине, бұл жаныңа азық, жүрегіңе жылылық сыйлайды.

Алайда, тарихтың қатпарланған қойнауына үңілетін болсақ, осы рухани тәрбиенің әлсіздігінен адамзаттың басына небір зобалаң шақтар мен қауіп-қатерлер туғанын көреміз. Адам жанының азғындануынан қоғам талай мәрте бақытсыздыққа, орны толмас қайғыға ұшыраған жайы бар. Ғылым мен техника қарыштаған бүгінгі заманның өзінде адамзат баласы небір зұлматтарды басынан өткеріп жатқаны белгілі. Ғылыми процестер көз ілеспес жылдамдықпен қаншалықты дамып жатса, адам бойындағы мейірім шуағы соншалықты сөніп бара жатқан секілді. Ұлттық құндылықтар мен ізгі қасиеттер осы уақытқа дейін жеткен техникалық жетістіктеріміздің құрсауында қамалып, ішкі рухымыз бәсең тартып барады.

Расында, жақсы мен жаманның парқын айыра алмай, адам­шылықтан адасқандай күй кешіп жүрміз. Бүгінде «бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз». Заманында Абай адамға жабысқан бұл кеселден құтылу жолын іздеп, елінің ертеңін, халқының болашағын ойлап күңіренген. Өзінің «Заман ақыр жастары» деген өлеңінде:
«Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары», – деп ішкі күйзелісін жеткізген еді. Сондай-ақ, ел қайғысын жұмыр жүрегіне сыйғызған Абай бұл тығырықтан шығу жолын рухани тәрбиенің беріктігінде деп түсінген. Қазіргідей ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан жаһандану дәуірінде беталысымызды бағдарлап, болашағымызды айқындауда да Абай салған сара жолмен жүру аса маңызды.
Абай – абзалдықтың аңдатпасы, ақындықтың әліппесі. Өзі өмір сүрген уақыттың биік шыңынан қоғамға көз салған Абай небір әділетсіздік пен қиянаттың куәгері болды. Қайғы мен мұңға, у мен өртке толы жаралы жанына дәру таба алмай, құсалы өмір сүрді. Тек ақ парақ пен көк сияны медеу етіп, іштегі ойын өлеңге айналдырды. Жанына дауа болар жалғыз серігі – өлеңі ғана еді. Егер Абай өлеңдерінің әрбір сөзін зерделей оқитын болсаңыз, заманында елі үшін жүз ойланып, мың толғанған жан екенін ұғынасыз.
Білім мен өнердің ақиқат екенін сезінген Абай өз туындыларында жастарды осы бағытта ізденуге, талаптануға шақырады. Бұл тұрғыда ғалым Зәки Ахметов те өзінің еңбектерінде осы мәселе туралы кеңінен тоқталып, дәйекті тұжырымдар жасаған. Ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» атты еңбегінде: «Халық мүддесі үшін күресуге бел байлап, елді, жастарды адал еңбек етуге, өнер үйренуге, білім-ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат етіп қоймақ болған Абай осы ой-пікірін жалпы жұртқа жария етуге, солардың жүрегіне ұялатуға жарарлық бірден-бір күшті құрал – өлең сөз, ақындық өнер деп санайды. Бойындағы ақындық қуатын осы жолға жұмсау қажет деп түсінеді» делінген.
Абай мұрасы адамды рухани тұрғыдан тұлға ретінде жан-жақты дамытады. Ақынның танымдық, тағылымдық, әлеуметтік мәселелерді арқау еткен өлеңдері тек адамгершілікті, адамшылықты алға тартады. Ол өсиеті мен қасиеті қатар жарысқан рухани тәрбиені ұлт бойына өзінің өлеңдері мен ғақлиялары арқылы сіңдіруге тырысты. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді кеселдердің жарға жығатынын ескертіп, оның орнына «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды ізгі қасиеттерге арқа сүйеу керектігін айтады. Демек, бұл тұста Абай өлеңдерінде ұлттық психологияның озық үлгісі жатқанын анық аңғарамыз. Сондықтан да, оның поэзиясында «толық адам», «адамгершілік», «ақиқат», «адам» секілді ұғымдар көптеп кездеседі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, екінші бір өлеңінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп тағы да осы үш қасиетке жүгінеді. Бұл арқылы Абай шығармашылығының негізігі тіні – «адам болу» идеясы екенін ұғынамыз. Аталмыш осы үш қасиет адамды рухани тұрғыдан жетілдіріп, пендешілік ойдан ада етеді. Ыстық қайрат арқылы адам талаптанады, бойдағы күш-жігердің арқасында ізденіс жолына түседі. Нұрлы ақыл тек жақсылыққа жетелейді. Ал жылы жүрек арқылы ілкімді істер атқарып, айналаңа ізгілік нұрын шашасың.
Абай өзіне тарих жүктеген мақсат-міндеттердің бәрін де абыроймен атқара білді. Ол өзінің асқақ идеяға толы өлеңдерін жас ұрпақтың кемел келешегіне арнады. Егер Абай шығармашылығын тұтастай алып қарайтын болсақ, оның өлеңдері мен қара сөздері рухани жаңғырудың әліппесі секілді. Өзі өмір сүрген қоғамдағы түрлі кеселдерді көзімен көрген, жанымен сезген Абай болашақ ұрпақтың бұл дерттен аулақ болуын қалады. Осы мақсатта ол туған халқының тағдырына тағылым болар мол мұра қалдырды. Оның көздеген негізгі нысанасы – ұлтының рухани жаңғыру жолын қалыптастыру еді. Сондықтан, Абайдың шығармашылығында көп қозғалатын тақырыптар – ізгілік пен адамгершілік турасында болды. Ақын қазақ халқының ой-арманын, мақсат-міндетін ғана бейнелеп қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылым мен білім жолына түсуін, прогрестік бағытта дамуын қалады. Рухани ұстыны берік ел болуын тіледі.
Абай – шын мәніндегі жаңашыл ақын болды. Олай дейтін себебіміз – оның әрбір өлеңінің әлеуметтік мәні мен саяси астары ауқымды. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетін зерделей отырып, поэзияға түрен салды. Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларынан нәр алған Абайдың қазақ әдебиетіне жаңаша бағыт әкелуі – руханиятымыздың үлкен жетістігі. Ақын-жыраулар қолданған өлең формасына өзінше өрнек салып, түрлендіріп, оқырманға ұсынды. Абай қазақ поэзиясын кең жайлаған дәстүрлі тақырыптар мен таптаурын болған қағидалардың орнына әлеуметтік, қоғамдық мәні зор мәселелерді арқау етті. Бұл туралы Абай: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – деп өлеңнің қандай болу керектігі жөнінде толғанады. Яки, ол бәрін де өз шығармашылығының көрігінде қайната отырып, жетілдіріп, қорытып, көңіл көзі арқылы тудырды.
В.Белинский: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс əдебиеті туралы жазу деген сөз» – деп өзінің бір мақаласында жазған еді. Орыс әдебиетін Пушкинсіз елестете алмайтын болсақ, қазақ әдебиетін де Абайсыз елестету мүмкін емес. Абай – қазақтың екінші аты. Егер әдебиетіміздің өткені мен бүгінін бағамдайтын болсақ, алдымыздан алып шынардай ұлы Абайдың шығары анық. Руханиятымыздың қайнар көзіне айналған Абайға соқпай өту де мүмкін емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның есімін құрмет тұтады. Олар басқа ақын-жазушылардың есімін білмеуі мүмкін, ал Абайға жүрегінің төрінен орын береді. Бұл – заңдылық.
Ұлтының рухани темірқазығына айналған Абай ХХ ғасырда Алаш жұртының санасына қалай серпіліс әкелсе, ХХІ ғасырда қазақ елін өз өлеңімен солай тербетіп тұр. Сүбелі сөзі мен киелі өнері ел мен жердің ұйытқысына айналды. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің ақиқаты мен шындығын арқалап, ізгілік нұрының алауын жағып, ғасырлар бедерінде еркін қалықтап жүр. Өшпес мұрасы, ескірмес нақылы, көрсеткен өнегесі арқылы әлі де адам баласының біршама буынын тәрбиелемек. Туған халқын рухани кемелдену жолына бастаған Абайдың тағылымы екі ғасырға жуық ұлтының ұстынына айналды. Бұл – айқын да анық Абай феноменінің көрінісі. Абайдың адамгершілік пен ізгілікке, білім мен ғылымға үндеген тәлімі терең сөздері қанша ғасыр өтсе де, біздің мәңгі өшпейтін бәйтерегіміз болып қала бермек.
Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: